Дінтану пәні факультативтен міндетті сабақ деңгейіне өтуі керек -Кеңшілік Тышқан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Соңғы уақытта елде болған жайттар дін саласы жіті бақылау керегін тағы бір дәлелдей түсті. 11 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында діни экстремизмге қарсы күрес бойынша жүйелі шаралар кешенін іске асыруға тапсырма берген еді. Елімізде діни экстремизм қайдан пайда болды, қазақстандықтардың, әсіресе жастардың діни радикалдардың ықпалына түсіп қалмауы үшін қандай әрекеттер қажет? Осы және өзге де сауалдарға Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының меңгерушісі, дінтанушы Кеңшілік Тышқан жауап берді.

– Қазақстанда діни экстремизмнің пайда болу себебі не? Дін туралы білімнің аздығы басты себептің бірі деп айтуға бола ма?

- Иә, әрине. Жалпы дін туралы білімнің аздығы, экстремистік топтардың мақсат-міндеттерін жете білмеу ел азаматтарының, соның ішінде жастардың дінде ешқандай проблема жоқ деп ойлап, соған кіруіне түрткі болады. Кіріп, кейін біртіндеп бой үйренгеннен кейін ондағы уағыз бен насихаттардың ықпалымен ақырындап қателікке бой алдыра бастауы мүмкін. Сондықтан, ең алдымен, әрине, бұл жерде дін жөнінде білімнің жетіспеуі үлкен рөл ойнайды деп айтуға толық негіз бар.

– Қазақстандықтардың, әсіресе жас буынның экстремистік және террористик топтарға қосылуының алдын алу үшін не істеу керек?

- Бұл мақсатта мемлекеттік деңгейде қолға алынған шаралар бар. «Дінтану және зайырлылық негіздері» деген пән бар. Бұл пән мектептерде жеткілікті деңгейде оқытылуы керек және оқытылуын қадағалау қажет. Факультатив дәрежесінен міндетті сабақ деңгейіне өтуі керек. Әйтпесе, мұғалімдер де, балалар да, мектеп басшылығы да оған мүдделі болмайды және оқылмайды. Бізде жоғары оқу орындарының кейбірінде «дінтану» пәні бар. Осы мәселені қолға алуымыз керек. Яғни, жастармен, мектеп бітіретін түлектердің діни сауатын жоғары деңгейде қамтамасыз ете алмасақ, кейін оларды қоғам болып ұстай алмаймыз. Мектеп, университет қабырғасынан кеткеннен кейін оларды қандай да бір тетіктер арқылы діни-ағартушылық жұмысқа тарту өте қиын. Бұл әсіресе діни экстремистік топтарға кіріп кеткен азаматтарға қатысты.

– Адамдардың экстремистік ұйымдарға бет бұруына рухани жетілмеуі себеп болуы мүмкін бе? Яғни, адасып, өмірден өз орнын таба алмай, наным-сенімі дұрыс қалыптаспаған адамдардың ішіндегі «бос кеңістікті» секталар алмастыра ала ма сонда?

- Рухани жетілу дегеніміз – күрделі мәселе. Барлық адамның бірдей рухани жетілуі мүмкін емес. Қарапайым адам ретінде де өмір сүруге болады. Өз мүддесі бар топтар жастарды рухани жетілдірмей, белгілі бір шектеулер қойып, оларға көп мәселеден хабардар болуға кедергі келтіреді. Мысалы имамдардың уағызын тыңдатпайды, баламалы кітаптарды оқытқызбайды, әр түрлі әлеуметтік желі, теледидар, интернет ресурстарын пайдаландырмайдыы, яғни мұның барлығына тыйым салады.–Адамдардың өз айналасында ғана тұйықталуы азаматтардың экстремистік көзқарастарға қарай бейімделуіне ықпал жасайды. Адасып, өмірден өз орнын таба алмай, наным-сенімі дұрыс қалыптаспаған адамдардың ішіндегі бос кеңістікті секталар алмастыра алмайды, әрине. Бірақ ол соны «алмастырдым» деп ойлайды. Яғни, бос кеңістікті, өмірдің мәнін түсіндіру мәселесін сол құндылықтар арқылы шешіп, «тығырықтан шықтым» деп ойлайды. Бірақ бұл проблемадан шығу емес, керісінше бұл – сол проблемаға кіру. Өйткені экстремистік топтарға кірген, кейін одан шыққан көптеген азамат ешқандай құндылық алмағанын, уақытының босқа кеткенін, тіпті өз өміріне зиян келтіргенін айтып жатыр. Сириядан келген азаматтардың да пікірі осыған саяды.

– Дұрыс берілген білім адамды деструктивті идеологияның ықпалынан сақтайтын кепіл бола ала ма?

- Әрине, дұрыс берілген білім адамды деструктивті идеологияның ықпалынан сақтай алады. Өйткені ол ақ пен қараны ажыратады, әлемде не болып жатқанынан хабардар, экстремизмнің не екенін біледі. Жалпы өзінің өмірдегі миссиясы не екенін, қоғамдағы орны қандай екенін біледі. Алға қойған мақсаты бар. Мұндай мәселелер көп рөл ойнайды.

- Теріс діни ағымдардың жетегінде кетпеу үшін адамға қандай қасиеттер қажет?

- Адам құқығын бәрінен биік қойып, теріс діни көзқарастарға бой алдырмау үшін адамда байсалдылық, ізденімпаздық, жан-жақты зерделеу деген қасиет болуы керек. Өркениетті, құқықтық қоғамда өмір сүріп жатқанын түсінуге тиіс. Ол үшін зиялы, зайырлы білімді қоса игеруі керек. Өмірден өз орнын табуға тырысуы қажет. Абайдың тілімен айтсақ, «бір кірпіш боп қалануы» керек. Осы кезде оның басқа теріс мәселелермен айналысуға уақыты да болмайды.

- Дін мен мемлекеттің қарым-қатынасы жайлы пікіріңізді айтсаңыз...

- Бұл жерде бір қайшылық бар. Жалпы дін ісін мемлекетті басқару ісімен шатастырмаған жөн. Өйткені мемлекетті басқару ісі, әрине, басқа. Бірақ мемлекет пен қоғам діннен бөлінбеген. Сондықтан қоғамдағы барлық мәселеге мемлекет өзінің сөзін айтып не қадағалап, бақылап отырады. Қажет болса, реттеуі де керек. Осы бап тұрғысынан бізге әлі де ойлану керек. Яғни, дін мәселесін мемлекеттік тұрғыдан реттеу, бақылау, қадағалау және мемлекеттік мүддеге қарай бейімдеу деген мәселеге біртіндеп кірісуіміз керек. Меніңше, жастарға зайырлы тұрғыдан ғана «дін – осы» деп түсіндіру жеткіліксіз. Яғни, дәстүрлі діни құндылықтар, оның тәрбиесі, ұлттық құндылықтар берілмесе, жастарға кейін рухани бағдар көрсете алмаймыз. Өйткені дінді уағыз ретінде айтып, Құдайдан келген бұйрық деп дәлелдеу арқылы белгілі бір топтар біздің позициямызды жеңіп кетіп тұр. Себебі оларда «шынайылық» басымырақ. Ал біздің сыртынан сипай, қамшылап түсіндірген дүниелер жастардың жүрегіне жетпейді. Неге десеңіз, біз зайырлымыз, уағыз айта алмаймыз. Сол тұрғыдан алған кезде экстремистік топтар мен дінді уағыздаушы топтармен салыстырғанда, біздің мемлекеттің жеңіліп жатқан тұсы – осы. Сондықтан Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының әлеуетін арттыру арқылы бұл нәрсені орнына қоюымыз керек. Яғни, діни уағыз адамдарды, соның ішінде жастар арасындағы рухани тәрбиені шынайылыққа негіздей отырып жетпеген жағдайда, экстремистік деструктивті топтардың жетегінде кету қаупі басым.

Назерке Сүйіндікова


Соңғы жаңалықтар