Діни кітаптарды көрінген жерде сатуға болмайды - полиция

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Діни кітаптарды сауда үйінде рұқсатсыз сатқан ақмолалыққа 120 750 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Щучье қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті сауда үйлерінің біріндегі дүңгіршекте «Құран» кітабын рұқсатсыз сату дерегін анықтады. Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 490-бабы бойынша материал жиналып, сотқа жолданды. Бурабай аудандық сотының шешімімен 54 жастағы ақмолалық әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 120 750 теңге айыппұл салынды», - деді полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Ведомстводан атап өткендей, қолданыстағы заңнамаға сәйкес діни әдебиеттерді, діни мазмұндағы материалдар мен діни мақсаттағы заттарды тек белгіленген орындарда ғана таратуға жол беріледі.

Бұл - діни ғимарат аумақтары, діни-рухани оқу орындары - медреселерде, семинарларда және басқалары, сондай-ақ әкімдік бекіткен арнайы стационарлық үй-жайлар.

Щучинск қаласының аумағында осындай 2 үй-жай бар. Өзге орындарда діни әдебиеттерді жергілікті атқарушы орғандардың рұқсатынсыз сатуға болмайды.

Айта кетсек, мұның алдында 6 мыңға жуық адамды алдаған алаяқ 5 жылға сотталған еді.


Соңғы жаңалықтар