Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда қоғамдық институттардың рөлі арта түсетін болады - ҚР Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин

None
None
АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында елдегі діни ахуалға баса назар аударылған.

«Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды», - деді Президент.

ҚазАқпараттың тілшісімен сұхбаттасқан ҚР Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин қоғамдағы діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу мәселелерін жан-жақты таратып айтып берді.

- Ғалым Нұрмағамбетұлы, соңғы жылдары өкімет елдегі діни ахуалды реттеуге бірқатар шаралар қолданып келеді. Осыған орай, деструктивті діни ұйымдардың қызметіне байланысты қандай мәселелер бар?

- Қазақстандағы деструктивті діни ұйымдарға қатысты мәселелердің маңыздылығына Мемлекет басшысы 2012 жылдың 14 желтоқсанындағы Жолдауында баса назар аударды.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы біздің халқымызға жат діни және псевдодіни ағымдардың мәселелері күн тәртібінде тұрғанын айтты. Бұл тұрғыда осындай ағымдардың деструктивті әсеріне жастардың көптеп ұшырайтыны тілге тиек етілді. Жолдауда сондай-ақ, біздің біреулердің жетегінде кетпей, өзіміздің дәстүріміз бен мәдениетімізге тән діни сана қалыптастыруымыз қажет екені еске салынды. Мұндай шаралар бүгінгі қалыптасып отырған жағдайда ауадай қажет болып табылады.

Менің пайымымша, республикадағы діни ахуалды сараптау нәтижесі осы саладағы жағымсыз тенденциялардың сақталып отырғанын көрсетеді. Бұл, ең алдымен, дінге фундаменталистік тұрғыда қарайтын идеологтардың және діни-экстремистік топтар мен ұйымдардың жүргізген үгіт-насихатының кесірінен тұрғындардың бір тобы көзқарасының радикалдануы. Мұндай радикалдану үдерісі діни экстремизмді, тіпті терроризмді тудыруға түрткі болатыны ешкімге жасырын емес.

Осы мәселелерді терең пайымдай келе, Мемлекет басшысы 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы Мемлекеттік бағдарлама жасауға тапсырма берген болатын. Биылғы қыркүйек айында Президент ол бағдарламаны Жарлығы арқылы бекітті. Бағдарламаның басты мақсаты - діни экстремизм мен терроризмнің алдын алып, адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

- Қазіргі деректер бойынша елімізде қандай дәстүрлі емес діни ағымдар белсенділік танытып отыр?

- Егер ислам атын жамылған діни ағымдарға қатысты айтар болсақ, биыл ғана қызметіне тыйым салынған «Таблиғи Жамағат» ұйымын, сондай-ақ, салафизмнің түрлі тәпсірлеріне негізделген такфиризм, жиһадизм және мадхализм ағымдарын ерекше атап өтуге болады.

- Дәстүрлі дінімізге жат ағымдардың жетегіне көптеп ілігіп жатқан қандай аймақтар немесе қоғамның бөліктері бар? Олардың бұлай «бүлінуне» не себеп?

- Жат ағымдардың ықпалына көбірек душар болған нақты бір өңірді бөліп айту аса қиын. Дегенмен, діни сарапшылар еліміздің мұсылман қауымының басқа ағымдарға көбірек ілесіп кеткен өңірлері ретінде батыс аймақтарды, мәселен, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарын атайды. Алайда, халықаралық қатынастардың жаһанданып бара жатқанын, бүгінде ақпарат алмасу жаһандық жүйелерге тәуелді екенін ескерсек, мұндай діни мінездеме шартты түрде ғана алынып отыр деуге болады.

Ал деструктивті діни ағымдардың шабуылына көбірек ұшыраған қоғам бөлігіне келер болсақ, жоғарыда айтып кеткенімдей, бұл топқа жастарды жатқызуға болады. Әлі оң-солын танып, өзіндік көзқарасын қалыптастырып үлгермеген жастардың түрлі діни ағымдарға тез ілесіп кететіндігі айтпаса да түсінікті.

Осыған байланысты, қоғамдағы діни экстремизммен күрес саласындағы мемлекеттік саясат ақпараттық-түсіндіру және ағарту шараларымен қатар, әлеуметтік-сауықтру жұмыстарын да кешенді түрде қатар алып жүреді.

- Мемлекет басшысы Жолдауында Қазақстандағы экстремиз мен терроризмнің идеялық емес, қылмыстық негізі бар деген болатын. Осы тұрғыда не айтасыз?

- Тамыры тереңге кеткен кез келген діннің негізінде қиянатшыл мақсаттар болмайды. Барлық әлемдік және дәстүрлі діндер рухани тазалыққа, адалдыққа, әділеттілікке үндейді. Сондықтан қазіргі кезде белең алып бара жатқан экстремизм мен терроризмді дінді жамылып, өзінің арам ойы мен лас саясатын жүргізіп отырған қандай да бір топ немесе ішкі күштер жасауда.

Біздің ойымызша, мемлекет діни бірлестіктермен тізе қоса отырып, қоғамға шынайы діннің шабағаты мен теріс пиғылды діни ағымдардың кесапатын түсіндіріп, ара жігін ашып беруі қажет. Міне, дәл осы бағытта біз ірі діни бірлестіктермен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу бастамасы да осы мақсатқа негізделген.

- Еліміздегі діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудағы жұмыстар қандай бағытта және қандай әдістемелер арқылы жүргізілуде? Діни экстремизммен күрес, кейде қоғамда қабылданып жүргендей, дінмен күреске айналып кетіп жатқан жоқ па?

- Жоғарыда тілге тиек етілген Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында Президент экстремизммен күрес «мыстандарда аулауға» немесе дінмен күреске айналып кетпеуі тиіс деп атап өтті.

Агенттік басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жоғарыда аталған бағдарлама бойынша діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша кешенді жұмыстар атқаруда. Мұндағы басты назар қоғам арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарға бағытталған.

Нақтырақ айтар болсақ, біз діни экстремизмнің алдын алу үшін конфессияаралық келісім мен төзімділікті, Қазақстан халқының рухани мәдениеті мен дәстүрін дәріптеп, қоғам санасына зайырлы мемлекет пен қоғамның қағидаларын енгізіп, халықтың діни және құқықтық сауатын көтеріп, радикалды діни ағымдардың түпкі ойын әшкерелеп келеміз.

Сонымен қатар, біз үкіметтік емес ұйымдардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, шығармашылық және ғылыми интеллигенцияның, сондай-ақ қоғамдық пікір көшбасшылары сияқты қоғамдық институттардың рөлін жоғарылата отырып, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда жаңа әдістер мен формаларды қолданысқа енгізудеміз.

Бұған қоса осы және басқа да жұмыстар еліміздегі ең ірі дәстүрлі діни бірлестіктермен тізе қоса отырып жасалады, сондықтан бұл жұмыстардың дінге қарсы күрес емес екендігі әркімге аян.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар