Діни басқарма Тараз қаласында халықаралық ғылыми-танымдық жиын өткізіп жатыр

None
Фото: muftyat.kz
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қарахан мемлекеті тұсындағы Ислам» тақырыбында халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтіп жатыр. Жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас мүфти сапарын алдымен Қарахан баба кесенесіне арнайы зиярат етуден бастады. Бас мүфти Тараз қаласында өтетін халықаралық конференция қатысушыларымен бірге баба рухына Құран бағыштады.


Конференцияға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан ғалымдары қатысып, Қарахан дәуіріндегі Ислам діні, жазба ескерткіштер, әдеби жәдігерлер тақырыбында баяндама жасайды. Сондай-ақ, бас мүфтидің қатысуымен облыстық «һибатулла Тарази» орталық мешітінің жанындағы «Қамқор-шарапат» салттық қызмет орталығының, Айша бибі ауылында орналасқан «һибатулла Тарази» медресе-колледжінің қосалқы «Бейбіт ата» ғимаратының ашылуына қатысып, облыс спортшыларымен кездесуі өтеді деп жоспарланған.

Айта кетейік, бұған дейін Наурызбай қажы Президентке діни басқарманың жұмысы жөнінде баяндағанын жазған болатынбыз. Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қоғамда дәстүрлі ислам дінін кеңінен дәріптеу және ел игілігі мен бірлігі жолында атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады.


Соңғы жаңалықтар