Діни басқарма өкілі оқушылардың ораза ұстауына қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы Facebook-тегі парақшасында мектеп оқушыларының ораза ұстауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ағабек Қонарбайұлының айтуынша , әлеуметтік желілер мен мектеп мұғалімдерінің WhatsApp чаттарында ораза ұстаған оқушылардың оқу үлгерімі мен денсаулығына қатысты мәселе талқылануда.

Осыған орай әлеуметтік желі қолданушылары мен ата-аналар тарапынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (ҚМДБ) жас балалардың ораза ұстауына қатысты сауалдар келіп түскен

«Осыған байланысты ҚМДБ төмендегі ақпараттық түсіндірмені қаперлеріңізге салады:

Біріншіден, шариғатымыз бойынша балиғат жасына жетпеген жас балаға ораза ұстау – парыз емес. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Үш адамнан қалам көтерілді: айыққанға дейін жын түрткен адамнан, оянғанға дейін ұйқыдағы адамнан, балиғатқа толғанға дейін баладан».

Біз бұл хадистен балиғатқа толмаған жас балаға құлшылық жасау, оның ішінде ораза ұстау міндет емес екенін түсінеміз.

Екіншіден, балиғатқа және кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның организмінде әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін.

Бұл жағдай кішкентай бүлдіршіннің денсаулығына кері әсер етуі, сонымен қатар оның толыққанды білім алуына кедергі келтіруі мүмкін. Ата-аналарға осы мәселеге аса көңіл бөлуге кеңес береміз», - деп жазады ҚМДБ өкілі.

Сондай-ақ, ол кез-келген құлшылық, оның ішінде ораза толыққанды білім алуға, тиянақты жұмыс істеуге кері әсер етпеуі керектігін еске салады.

«Оразаны себеп етіп, әркімнің өзіне жүктелген жауапкершілігіне немқұрайлы қарауына болмайды. Өйткені, әр адам сауап амалды өзі үшін орындайды.

Үшіншіден, ата-аналардан балиғат жасына жетпеген балаларды ораза ұстауға мәжбүрлемеуді сұраймыз», - дейді Ағабек Қонарбайұлы.


Соңғы жаңалықтар