Діндер съезінде алғаш рет әйелдердің қоғамдағы рөлі талқыланды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінде алғаш рет әйелдердің қоғамдағы рөлі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Әйелдердің қазіргі қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдердің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қауымдастықтардың рөлі» секциясында модератор болды.

«

Қазақ халқында «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген нақыл сөз бар. Мұның астарында әйел адамның кез келген ауқымды істерге араласа алатынын, зор нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндігі мол екенін аңғартатын мағына жатыр. Өйткені, қоғамның, тіпті әлемнің дамуы мен оның түрлі салаларындағы жетістіктерде әйелдердің мол үлесі бар екені ақиқат. Ислам дінінде әйелге айрықша мәртебе берілген. Имандылық жолын ұстанған халқымыз қыз-келіншекті құрметтеудің ерекше үлгісін көрсеткен, тіпті төрге шығарған. Ал, тәрбиесіне келгенде қызды қырық үйден тыйған. Осы тыйымның бәрі әйелдің иманы мен құрметін, ары мен ұятын қорғайды

«, - деді бас мүфти Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің кезекті секциясында.

Бас мүфтидің айтуынша, Жаратушы Құранның «Ниса» сүресінің 19-аятында «Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар» деп бұйырған.

«Ал, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Иман тұрғысынан мүміндердің ең кәмілі – мінез-құлқы ең жақсы болғандар. Сендердің ең ардақтыларың жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың. Араларыңда жанұясына ең жақсы қарайтын – менмін» деп, сөзімен де, ісімен де үлгі-өнеге көрсеткен. Өкінішке қарай, бүгінде әлемде әйелді тауар ретінде қарау немесе тауарды сату үшін пайдалану, оларға зорлық-зомбылық жасау, үйдің қызметшісі ретінде күшпен ұстау, түсік тастауға мәжбүрлеу немесе бала табу бақытынан айыру сынды мәселелер белең алды», - деді Н. Тағанұлы.

Халықаралық «Отбасы денсаулығы» журналының мәліметінше, осындай қасаң көзқарастар нәтижесінде әлемде жыл сайын 75 млн астам әйел өз еріктерінен тыс жүкті болып қалады немесе жүкті болған 175 млн әйелдің 45 миллионы түсік тастайды. Жыл сайын әлем бойынша 585 мыңнан астам келіншек жүктілікке байланысты түйткілдер кесірінен жан тапсырады.

«300 мыңнан астам әйел бала көтертпейтін дәрілерді дұрыс қолданбау салдарынан ажал құшады. Ал білім алу құқығынан айырылып, сауатсыздық күйін кешіп отырған қыздар саны 600 миллионнан асады. Мұндай жан шошырлық статистика бұл жағдайға халықаралық деңгейде назар аударуымызды талап етеді. Құрметті спикерлер! Баяндамаларыңызда осы мәселелерге көңіл бөлулеріңізді және осы мәселеден шығар жолды көрсетуге талпынуларыңызды сұраймыз», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетейік, бүгін елордада екінші күн Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтіп жатыр. Түстен кейін съез салтанатты түрде жабылады.


Соңғы жаңалықтар