Діндер Съезі хатшылығында пандемиядан кейінгі әлем мен діни басшылар рөлі талқыланады – Вице-министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының XIX отырысында қандай тақырыптар көтерілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Келесі жылы өтетін әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының XIX съезі қарсаңында бүгін Съезд хатшылығының жұмыс тобы отырыс өткізді.

«Бүгін жұмыс тобының отырысына 20 елден 27 делегация келіп отыр, оның ішінде үлкен дін ұйымдарының басшылары көптеген елдерден, жан-жақты континенттен жиналды. Бұл біздің жиналысымыздың және келесі жылы өтетін съездің рөлін де, деңнгейін де көрсетіп жатыр. Мәселен, Рим папасының кеңсесінен атташе келді. Сондықтан бүгін күн келесі жылғы съезд тақырыбын, онда қандай мәселелер қаралуы керектігін талқылап жатырмыз. Біз Съезді қабылдаушы ел болғандықтан өз ұсынымдарымызды бердік және қонақтардың да ұсынымын сұрап отырмыз», - деді С. Егізбаев тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, негізгі нақты шешімдер ертеңгі Хатшылық отырысында қабылданады.

«Жұмыс тобы атынан өз ұсынымдарымызды әзірлеп жатырмыз. Біз ұсынған ең басты тақырып – пандемиядан кейінгі әлем қандай болады, оның ішінде дін басшыларының рөлі қандай болады деген мәселе. Бұл тақырып бір ауыздан қолданды, тек қана саяси лидерлер емес, дін лидерлерінің де позициялары әлемде естілгені дұрыс деді. Одан кейін отырыс жобасында әйел адамның жаңа әлемдегі, қоғамдағы, саясаттағы рөлі тақырыбы тұр. Өзіңіз білетін саяси оқиғалар, ауған елдерінде боп жатқан оқиғаларға байланысты әйел адамның отбасы, қоғам, жалпы әлемдегі рөлі тақырыбына да қызығушылықпен қарап отыр. Бірақ бұл ұсынымды нақты бекіткен жоқпыз, оны екінші отырыста талқылаймыз», - деді С. Егізбаев.

Айта кетейік, 6 қазан күні Бейбітшілік және келісім сарайында ҚР Парламенті Сенатының спикері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XIX отырысы өтеді.


Соңғы жаңалықтар