Діндер арасындағы ертеңгі байланысқа жол салынып жатыр - Хамба Лама

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі келешектегі діндер арасындағы қарым-қатынасқа бүгін жол салып отыр. Бұл туралы съез барысында Бүкіләлемдік буддистер федерациясының вице-президенті Хамба Лама Чойжилжав Дамбажав айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өте ыңғайлы әрі маңызды алаң болып табылатын съезге әлемнің барлық дін басшыларының жиналып, ең өзекті мәселелерді талқылап отырғанының зор мәні бар. Конгресте сөйлеген барлық дін көшбасшылары Қазақстанның бейбітшілікке бастаған барлық бастамасын сөзсіз қолдайды. Мен ертең қол қойылар съездің Декларациясында Қазақстанның осынау бастамаларының барлығы да қамтылар деп үміттенемін», - деді Хамба Лама.

Ол сонымен бірге қоршаған орта туралы да сөз қозғады.

«Қоршаған ортаны қорғау мәселесі бүгінгі таңда өткір мәселеге айналып отырғаны өтірік емес. Міне, сондықтан біздің бәріміз қоршаған ортаға зиян келмейтіндей шаруаға үлес қосып жатырмыз. Қоршаған ортаның бұзылып бара жатқанына бәріміз де кінәлі екенімізді ұмытпауымыз керек», - дейді діни қайраткер.

Хамба Ламба сонымен қатар әлемдегі барлық діндердің мәні - бейбітшілік екенін тілге тиек етті.

«Біз бүгін келешектегі ынтымақтастыққа жол салғалы отырмыз. Барлық діндер, Ислам болсын, Христиан немесе Буддизм болсын адамдар арасындағы бейбітшілікті көздейді. Екі әлемді, атап айтқанда адамдардың ойы мен халықтардың арасындағы бейбітшілікті қалай біріктіреміз? Біздің бейбітсүйгіш ойлау жүйемізді сақтау үшін бүгін не істейтінімізді, ертең қандай шаруаны атқаратынымызды айқындап алуымыз керек», - дейді ол.

Оған жиын барысында Мьянмадағы діни ахуалға қатысты сұрақ қойылды.

«Біз Мьянмадағы буддистермен байланыс ұстап отырмыз. Жағдайдың бәрі түсінікті. Аталмыш ахуалдың соңы бейбітшілікпен аяқталар деген үмітіміз зор», - деді буддист.

Еске сала кетсек, елордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің алғашқы күні өтті. Съезд барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтып, қауіпсіз әлемді қалыптастыру жолында конфессияаралық, өркениетаралық диалог орталығын бекітуге дайын екенін мәлімдеді.

 

Соңғы жаңалықтар