Дінаралық татулық - Елбасының ерен еңбегі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәуелсіздіктің 28 жылында Қазақстан бүкіл әлем алдында шынайы қоғамдық және дінаралық келісім мен бірлекке қолы жеткен ел ретінде танылды. Бұл да Тұңғыш Президенттің айқындаған дара жолы. Осы ретте Елбасының ерен еңбегі - әлем діндер басшыларының басын қосуы еді.

Алғаш рет Қазақстан астанасында өткен әлемдік діндер үнқатысуы: «Біз христиандық пен исламның, иудаизм мен буддизмнің жауласуы үшін емес, бейбіт өмір үшін жаратылғанын білеміз» форматында өтті. Осы мерейлі күннен естелікті бүгінгі мерекелі Тұңғыш Президент күні қарсаңында еске алғанның айыбы жоқ-ау.

Парасатты пайымды таразылайтын жанға достық шырай танытсаң, сол достық – достық шақырады. Берекесі мен ынтымағы жарасқан қазақ жеріндегі съезге келген әлемдегі діннің әртүрлі бағыттағы 17 дін делегациясы құрметті меймандар мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің барлығы Астанадағы «Интерконтиненталь» қонақ үйіне тоқтаған.

Бір қонақ үйдің бір есігінен кіріп – шығып жатқан әртүрлі бағыттағы діндарлардың мидай араласып жүргенін көргенде сарапшылар мен саясаткерлердің қайран қалып ауыз ашқандарын көрдік. Сан ғасырлар бойы ақылға симастай асқынған дінаралық дүрдараздықтың түсініп - танымайтын түнегін қонақжай қазақтардың осындай дархан көңілі мен ашық жүрегі ұсынған тосын тәжірибесін ешкім де болжай алмағаны анық еді. Бұған дейінгі осындай басқосыларды өткізуді жоспарлаған елдер әр конфенция, әр дін тарапына жеке дара қонақүйлер бөлетін. Қазақ жеріндегі әлемдік діндер үнқатысуы жиналғандарды бірден бір тілек, бір ниет, ортақ мақсатқа жұмылдырған.

Шынында да мұндай таңғаларлық нәрсе, ненің болмасын бірінші рет орындалғанынан болса керек. Ал ондай ізгілік ісі, осындай ақ ниетті оқиғаның екінші рет қайталануына жол ашпақ.

Бұрындары қол алысып жүздесу былай тұрсын, ортақ кездесуден бас тартатын дін лидерлері Астанада бір шаңырақ ішінде ізеттілік пен бейбітшілік сипаты зор рухани жұмыстарды жалғастырып жатқанына куә болдық. Ол қазір тарих. Тарих болғанда да өнеге етер өсиетті тәмсіл.

Халықтың қалқаны саналатын дін көсемдері сол күндердегі сөздерінде қазақ жеріндегі осындай рухани қарым-қатынас - бір-бірімен сиыспайтын ұғымдар, көзқарас қақтығысын жібітуге жігер берерін жасырмаған.

Ал, тағылымы ерекше дін тілі осылайша ұлы істер ұйытқысы, ұлттың рухани тұлғаларын ізгілік әлеуетіне топтастырды.

Қазақстан астанасындағы осынау конфессияаралық ынтымақ ырысында жалғасқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары бірінші съезінде айталған ұсыныстар мен тілектерді қаперімізге түсірейік.

Шейх Мұхаммад Саид Тантауи

Египеттің және Әл-Азхар университетінің Жоғарғы Имамы (1988 – 2010жж.)

Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын! Бұл – сындарлы үнқатысу. Парасатты және ізгі ниетті адамдардың арасындағы үнқатысу. Бұл үнқатысу ақиқатқа негізделіп, жалғандықтан аулақ тұруға тиіс.

Парасатты адамдардың әділеттіктің, адалдықтың, бейбітшіліктің, тыныштық пен қауіпсіздіктің игілік екені, ал қанаушылықтың, сатқындықтың, кісі өлтірудің, дұшпандық пен лаңкестіктің зұлымдық екені жайындағы пікірі ортақ. Ақиқатқа бастаған үнқатысуды Алланың өзі құптайды және ол игілікті адамдардың арасында таратуға қол жеткізеді.

Цзямуян Лосанцзюмэй Туданьцюэцзинима

Бүкілқытайлық буддистер қоғамы төрағасының орынбасары

… Съезд мақсаты – діндердің үйлесімді қатар өмір сүруін дамыту, зорлық пен жауыздықты ауыздықтау. Бүгінде зорлық пен жауыздық көп ретте дін жамылғысымен жасалады. Сондықтан да бұл әлемнің діни жетекшілеріне алаңдаушылық туғызады.

Буддизмде айтылатындай, дүниеде болып жатқан барлық нәрселердің өз себебі бар.

…Соғыс өрті әлі де адамдарды қайғы мен қасіретке түсіруде. Ол миллиондаған қытай буддистерінің алаңдаушылығын туындатуда, олар барлық діндердің «өлтірме» деген негізгі өсиетіне сенеді. Жер бетінде бейбітшілікті сақтау – барлық діндердің негізгі миссиясы.

…Бұл миссия адам мен қоғамның бақытын қамтамасыз ету секілді шынайы құндылықты бейнелейді.

Шантилал Карамши Сомайя

Үндінің үкіметтік емес «Somaiya Trust» ұйымының жетекшісі

Дұшпандық пен озбырлықтың сүйіспеншілік дауысын басып тастайтыны соншалық, пайғамбарлардың, әулиелер мен ойшылдардың үндері қантөгістермен тұншықтырылып отырған. Ғылым қирату құралына айналды, одан діннің көмегі арқылы ғана арылуға болады. Біз өзара қарым-қатынастарымызды съездегі пікір сайыстар негізінде құруға тиіспіз. Сонда ғана түрлі діндер жетекшілері арасындағы өзара байланыстардың тұрақты механизмі жұмыс істейтін болады.

Тумээхуу Булган

Бейбітшілік үшін Моңғол, Азиялық Буддистер конференциясының бас хатшысы

Адамзат қауымдастығы тарихында шешуші шепке жетті. Бұрын діни қауымдастықтар бір-біріне жат субъектілер ретінде қарайтын. Қазіргі кезде, әсіресе жаһандану дәуірінде қауымдастықтар өзара тәуелділікте өмір сүруі қажеттігін түйсіне бастады. Әр діннің мағынасы жалғыз, ол адамға бақыт және тыныштық әкелуі тиіс. Біздің кездесуіміздің мақсаты – діни ынтымақтастық арқылы бүкіл әлемде дүниені түсінуге жәрдемдесу болмақ.

Ишмаэл Ноко

Бүкіл дүниежүзілік Лютеран Федерациясының бас хатшысы

Үнқатысу – арамызда дәнекерлер орнату үрдісі. Біз мұны түсіндік. Біз мұндай қатынастарды бірден орнатуға болмайтынын пайымдадық. Ол үшін уақыт, төзім және мойынсұну қажет. Тыңдай білмейінше, бір-біріңнің дәстүріңнен тағылым алмайынша, үнқатысу мүмкін емес. Осы арқылы өз нанымдарымыздың дәстүрлеріне деген өз көзқарасымызды қайтадан парықтаймыз.

…Президент Назарбаев мырза, Астанадағы үнқатысу кезінде өзіміздің аман қалуымыздың себебі жекелеген діни дәстүрде емес, бір жаратушының қолында екенін ұққанымызды мойындауымызға рұқсат етіңіз.

Егер біз - диалогқа қатысушылар, бір-біріміздің айырмашылығымызды түсіне білмесек, прогреске жете алмаймыз.

Николас Бэйнс

Кройдон Епископы

… Басқаның өз сенімін, өзіндік құқығын мойындамаған жерде сенімсіздік болатындығы шындық. Бұл ретте барлық діндердің адамдарды бірін-бірі сүюге, басқа үшін өзін құрбан етуге үндейтіндігі өте маңызды. Нақ осы тұста үкілі үмітіміз оянады. Өйткені құдайды сүйеміз дей отырып, сонымен қатар біз бір-бірімізді сүйетіндігімізді мойындаймыз. Егер кейбіреулеріміз ие болып отырған үстемдіктен бас тарта білмесек, бейбітшілікке жете алмаймыз. Біз бір-бірімізге күдік келтірмес үшін діни және басқа да жанжалдардың негізінде жатқан келіспеушіліктерден арыла білуге тиістіміз. Осы жағдайды реттеуде съездің үлкен мүмкіндігі бар деп сенемін.

Минору Сонода

Синтоистік храмдар бас басқармасының директоры

Егер жалпылай алатын болсақ, дін – адам жанының рухы. Ол мәдени тәжірибемен тарихи мұраға қарай ерекшеленеді. Бұған қоса дін шынайы. Біз бір – біріміздің табиғатымыздағы айырмашылықты сезгенде ғана дін адамзат жолын өзара құрметтеуіне ықпал етеді.

Абдалла бен Абдель Мухсин Әл-Түрки

Бүкіл дүниежүзілік Ислам лигасының Бас хатшысы, аса жоғары мәртебелі, ғалым

Баршамыз барар жолды іздеп жүрген, жалпы адамзаттық бақыт дегеніміз барлық құдіретті діндерді ұстанушылардың ұғымымен ұқсас. Ол адамға, болмысқа және тіршілікке деген ортақ көзқараста жатыр. Бүкіл дүниежүзілік Ислам лигасы - әлемдік ауқымдағы халықтық ұйым. Оның мүддесі, адамдардың жеке және ұжымдық құқықтары жөнінде халықаралық хартияларда бейнеленген. Біріккен Ұлттар Ұйымдары шешімімен қабылданған заңды қорғайды. Әлсіздердің құқықтарын сақтауға, оларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, әділеттілік пен тең құқықтылықтарды орнықтыруға бас иеміз.

Мефодий

Астана және Алматы Митрополиті (2003 – 2010 жж.)

Қазақстан – көп этносты, көп мәдениетті және көп конфессиялы мемлекет.

Өркениеттердің ұштасуында кезінде Қазақстан Шығыс пен Батысты, Еуропамен Азияны жақындастыруда түрлі мәдениеттер мен діндерді ізгілікке жұмылдыруда елеулі рөл атқаруда. Ислам мен провославия Еуразия континентіндегі екі ірі этностың діни нанымын танытады. Бұл діндердің әлемдік қатар өмір сүруі Қазақстанда оның әлеуметтік және рухани өміріндегі тұрақтылықтың тиімді кепілі болып табылады.

...Қазір Қазақстан халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайды. Мұсылмандар өзге дін, өзге ұлт өкілдеріне түсіністікпен, құрметпен қарайды.

Әбсаттар қажы Дербісәлі

Бас мүфти, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы (2000 және 2005 жж.)

Бүгінгі шырайлы, шуақты заманға дейін небір зұлмат пен нәубет сыннан өткен Қазақстан – жер бетінде жапа шеккен ұлттардың жан сауғалаған Отаны болды.

…Ұлағатты талай елдің осы тарихы – ұлылыққа үндейді.

…Осыдан екі жыл бұрын Қазақстанға келген, 25 жыл Ватиканды басқарып отырған Киелі жан Папа Иоанн Павел ІІ-ші: «біздің бейбітшілік туралы әңгімеміз бен құлшылығымыз құдайдың сыйы және адамзат баласы үшін зор нышаны деген», еді.

…Тарихтың талай сындарлы жолдарынан өткен қазақстандықтардың көз алдында айрықша мәнге ие болған ғаламдық мәселелерге мемлекет басшысының жауапкершілік алып, бітімгерлікті баянды байыппен айқындауы – Қазақстанның әлемдегі іргелі Ел екенін көрсетті.

Йона Мецгер

Иудей делегациясының басшысы, Израильдің бас раввині

Сіз, Президент Назарбаев, өзінің шатырына бірінші болып қонақтарды қабылдаған біздің бабамыз Ыбрайымның жолымен жүріп келесіз.

… Сіз өз мемлекетіңізді халықтар мен діндер арасындағы бейбітшілік еліне айналдырдыңыз.

…Өз ғұмырымда алғаш рет қасиетті жердің раввині ретінде екі айдың ішінде мен бір елге екі рет келіп отырмын. Бұған негізгі себеп ақылды ізгі идеялар білдіруші адам, тек үнқатысу жолымен ғана байыпты мақсаттарға жетуге болатынын түсінетін адам ретінде Сізге жақынырақ болу ниеті еді.

…Дүрдараздық, жек көрушілік, соғыс, лаңкестік – бұлар тыйым салатын нәрселер. Біздер, діни қайраткерлер, арамызға от салатын осындай қауіпті шепке тым жақын тұрмыз. Алайда, осынау отты өшіру де біздің қолымызда.

… Лаңкестік – бұл өте қауіпті нәрсе, ол айыпталуға тиіс. Біз бәріміз де құдайдың құлдарымыз. Құдай бізді бір-бірімізді жою үшін емес, оған қызмет ету үшін жаратқан. Біздің ортақ бабамыз – Ыбырайым. Бүгін біздің Ыбырайым әкей қазір бізге көктен көз салып, барлық діндердің өкілдері, оның балалары бір ниетті құптап отырғанына қуанышты екеніне сенімдімін.

Иосиф Томко

Қасиетті Тақ делегациясының басшысы, Жоғары нұркейіпті Кардинал

Папа Иоанн Павел ІІ – ші 2001 жылғы 22 қыркүйекте Астанаға келген сапарында, адамдардың ең терең нанымдарына мүмкіндік беретін, діни бостандыққа деген құқығын мойындауларыңыз керек деген.

...Біздің бүгін осы арада тұрғанымыз, біздің бейбітшілік жайындағы әңгімеміз, құлшылығымыз, сайып келгенде, құдайдың сыйы және адамзат баласы үшін зор үміт нышаны.

… Шиеленіс, өшпенділік, соғыс, зорлық – зомбылық, лаңкестік әрекеттері әділетсіздіктің салдары. Барлық діндер әділеттікке шақырады. Оның өзі құдіретті құндылық, өйткені құдай әділ, ол әділетті құптайды. Оның ырқымен өмір сүргісі келген әрбір жан әділ болуға тиіс.

Мехди Хадави Могоддам

Иран Ислам Республикасы Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі жанындағы Ислам заң ілімі және құқық жөніндегі комитетінің төрағасы

Біз бүгін мұнда үнқатысу және жоғарыда аталған мәселелердің шешімін табу үшін жиналып отырмыз. Ендігі жерде орын алған келеңсіздіктерді ақтаудың да, қайталаудың да қажеті жоқ. Тек, диалог өзара үнқатысу қазіргі заманғы қайшылықтарды жеңуге, зорлық пен терроризмнің, әділетсіз соғыстардың тамырына балта шабуға мүмкіндік береді.

Цжан Цзиюй

бүкілқытайлық даоистер ассоциациясы төрағасының бірінші орынбасары

Дана бабалар өркениеттері бейбітшілік тұрақтылық және игілік ісіне қолдан келген үлесімізді қосуға үндейді. Қытайдағы даосизм жанжалдаспауға, бейбітшілікке, төзушілікке бастайды. Біздің үнқатысуымыз адамзат өркениетінің ортақ құндылықтарына және онда әмбебап болып табылатын игіліктерге негізделуі тиіс. Сонымен бірге біз өзіміздің айырмашылықтарымызды жақсы білуіміз керек. Бүгінгі дүниеде жанжалдар мен соғыстар біздің бір-бірімізді құрметтеуді үйренбегендігімізден туындайды.

Біз адамзат өркениетінің әралуандығын сақтау үшін өз күш-жігерімізді біріктіруіміз керек.

Мұхаммад Раби Хасани Надви

Мұсылмандар құқықтары жөніндегі бүкілүнділік комитетінің төрағасы

Діндер съезінің дәл осы жерде өтуі – жақсы ырым. Бұл дінге сенушілерді жақындастырудың және күйзелген адамзат үшін тың жол іздестірудің тұғырнамасы. Өткен жүзжылдықтар ішінде ислам өзінің бай тарихын жасап, адамзатқа жол нұсқады.

Исламға лаңкестікті таңушылар мен оның бейбітшілік сүйгіш қасиеттерін көрмеушілер – ислам тарихын бұрмалайды. Ислам өте бір шектен тыс жағдайларда ғана, тиранияға бұғалық сала алмаған және кінәсіз адамдар лаңкестік пен әділетсіздіктің құрбаны болып жатқан кездерде ғана өз жолын ұстанушыларға күш қолдануға рұқсат етеді. Тіпті сол күшті дұрыс қолданбай жатса – ол да исламға жат. Осындай әрекеттер үшін исламды айыптау дұрыс емес. Сондықтан да барлық діндердің өкілдері діни үйлесім мен бейбітшілік үшін жиналып отырған осынау съезді мадақтауға лайық.

Цутома Хата

Жапонияның бұрынғы Премьер-Министрі

Террористік әрекеттердің себебі, діни қарама-қайшылықтарда жатыр деген сөз жиі айтылады. Дегенмен, барлық діндердің шынайы тілегі – әлемді тәртіпсіздікке, кінәсіз адамдардың жапа шегуіне емес, керісінше күнделікті өмірдің тұрақтылығына, әр шаңыраққа тыныштық әкелуге, бейбіт өмірді берік орнатуға бағытталуы керек. Кешеден бергі айтылған сөздер мені осындай ойға жетелейді. Біз, саяси қайраткерлер әлемдік діндер жетекшілерімен бірлесе отырып, бір мақсатқа – таяу болашақта жер бетінде бейбіт өмірге жету үшін бірлесе қимылдауға тиістіміз.

Томас Геремек

Ассизи қаласы кіші монахтарының бас министрі

Бейбітшілік – Құдай сыйы. Біздің делегация осы съезге қатысуды өзіне зор құрмет санайды.

…Ассизилік Фрацискінің куәлігі шынайы. Ол – діндераралық қақтығыстарды шешу жолында және бүкіл планетадағы бейбітшілікті баянды ету үшін жетілген үлгілі үрдісті ізеттілікпен ұсынады.

Шри Шри Сугендра Тиртха Свами Мадхабачариа

БҰҰ жанындағы дін жетекшілерінің бүкіл әлемдік кеңесі Президенті

Біз бүкіл әлем бойынша бейбітшілік шырайын қалыптастыруға тиістіміз. Әйтпесе, терроризм әлемге қауіп төндіретін үлкен күшке айналады. Біз өз дінімізде әрдайым сүйіспеншілік пен төзімділік үшін құлшылық етуге тиістіміз және бұл құлшылықтың өзі басқа бір дінге шабуыл жасалу деп түсіндірілмеуге тиіс. Индуистік сенім барлық адамдар Жер Ананың аяғының астына жиналып, бәрі бірге құлшылық ететін кезең туады деп санайды. Ұжымдық күш – жігер үстемдігінің мәні де осында.

Ахмад Ғази

Пәкістан халықаралық Ислам университетінің вице-президенті

Мұсылман жұрты діндер мен өркениеттердің арасындағы ынтымақтастық пен үнқатысуды әрдайым құптап келеді. Ислам өркениетті ежелгі гректерден, Месопатия жұртынан, үнділер мен басқа да халықтардан үйренуден бас тартқан емес. Демек, бүгінгі күнгі біздің қолымыздағы дүние түрлі құрандылардың қосындысы. Оның өзі ислам идеясын білдіреді.

Бүгін дүниеде исламды ұстанушылар жоқ бірде-бір елді атай алмайсыз. Әл-Фараби, Ибн-Сина сынды және басқа да ғұлама ғалымдардың туындылары ағылшын, итальян және әлемнің басқа да көптеген тілдеріне аударылды. Көптеген ғасырлардың ішінде олардың трактаттары Шығыстағы және Батыстағы түрлі ғылыми орталықтарда оқытылды.

Нұрсұлтан Назарбаев

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті

Біздің елімізде бүгін тағы да бір үлкен тарихи оқиға болды деп саналады. Себебі солай санап жатыр. Жалпы дүниежүзі мемлекеттерінің басшылары айтып жатыр.

Жалпы, әлемнің тарихында Азия жерінде, мұсылман елінде дүнижүзінің бүкіл діндері, бүкіл жер бетінің халқы табынатын діндер: христианство, ислам, буддизм, иудаизм, оның тармақтары, бәрінің басшылары жиналып, барлығы Алла Тағала, Құдайдың бір екенін айтып, ол, Құдайдың адамға жақсылық жасау мәселесін уағыздайтынына, ешқандай дінде экстремизм жоқ екенін, бір-бірімен тіл табысудың жолы – ол бір-бірімен сөйлесу, пікірталастыру, бір-бірін тыңдау екенін айтып, міне съездің аяқталу қарсаңында үлкен маңызды құжат қабылданып, Декларацияны және бұндай съезд тұрақты бола берсін деп келесі съезд үш жылдан кейін Қазақстанда өтсін деген, шешім қабылдауға және Қазақстанда бүкіл дүниежүзінің дін орталығы Нью-Йорктағы Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимараты сияқты ғимарат салу жөніндегі пікірлер айтқаны, біздің Қазақстан үшін, еліміздің, халқымыздың дәрежесі үшін, бүкіл дүниежүзіне тағы да қазақты белгілі жасау үшін үлкен жағдай, оқиға болды деп санаймын.

…Қазіргі жұмыс істеген секретариат жұмысын тоқтатпай істей беретін болса, 3 жылдан кейін ендігі съезді дайындайтын болсақ, жаңағыдай дүниежүзілік Біріккен Ұлттар Ұйымындағы сияқты діндердің де Форумы қазақ жерінде тұрақты болады деп сенуге болады.

Махат Садық

Журналист, ҚР Президенті Телерадиокешенінің Бас директоры (2000 – 2005 жж.)

Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан астанасында әр үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі тұрақты өтіп келеді.

Дүниежүзілік Дін диалогы болған осы съездердің нәтижесінде мәдениеттер, өркениеттер мен діндер үнқатысуына әлемде балама жоқ деп мәлімденді.

Ал, дінбасыларының осындай кездесуілерінің адамзат дамуы үшін алар орнын ғылыми негізде зерттеп- зерделеу үшін арнайы мәртебесі бекітілген «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» құрылды.

Тамам діннің - түбі бір дейді. Бірінші Съездің алғашқы күні сөз алған жоғары дәрежедегі дін лидерлері, әр адамның дінді еркінше қалап алуына деген құқығын мойындауға шақырған.

… Ғұмыр бойы ұмытпайтын, жүзжылдық жалғыздықта да өлмей кешпейтін кек, кемсітушілікке шек қояйық, - деген еді сол жиында дінбасылары.

…Тарихи бетбұрыс, тарихи серпілісті бастайық, - десті ғұлама ғалымдар.

Декларацияны қабылдайтын күні Елбасымыздың төрағалығымен болған соңғы жиында бірнеше делегациялар әртүрлі ұсыныстар, жаңа пікірлер айтты. Бұл ұсыныстар осы құжатты, жалпы Астанадағы жиынды тарихи әрі адамзат баласы үшін маңызы зор жиын деп атады.

Съезді қорытындылай келе Елбасы Н. Назарбаев былай деген:

«Ең негізгі мәселе – съезд басқа жерде емес мұсылман елінде өтіп отыр. Қазіргі жағдайда қайсыбір саясаткерлер өзінің пайдасына бұру үшін, әлемде болып жатқан қатерлі жағдайдың барлығы исламнан шығып жатыр деген сөз айтады. Мен қай жерде жүрсем де оның барлығы қате екенін жалықпай айтып келемін. Дүниежүзіндегі Мұсылман дінінің уағызын, біздің Құран Кәрімдегі айтылған сөздерді, біз қазір осы съезде сан қайталап айтып жатырмыз. Осы сөздерімізді осында бас қосқан католиктер де, еврейлер де, басқалар да тыңдап отыр.

Дін лидерлері де – адам! Ал, адамның рухани дүниесі ойнауды көтермейді. Ғаламда ғажап болудан қалған жәйт, ширыққан саяси егесулер, бұқаралық ақпарат құралдарынан басталып, ақыры мылтық кезенумен аяқталады. Біз міне осындай жанжалдарға жол бермеуге адамзатты үндеуге міндеттіміз».

Дінаралық үнқатысуының бірінші съезіне жиналған 400-ден астам бұқаралық ақпарат өкілдері, менің әріптестерім ә дегеннен қиғаш мінез, оқыс оқиғаларды іздестірген еді. Бірақ тән жаралы болмаса, оған қанша у жақсаң да, дерт дарымайтындай ізгілікті ұран еткен Астана съезі ешбір сыртқы күштің айтағы мен желкелеуі арқылы жүрмесін көрсеткен. Оны журналистер де сезіп, біраздан соң сабырға көшкен. Шетелдің 100-ден астам жетекші ақпарат агенттіктері мен компаниялар өкілдері де қазақ жерінен сөз арқылы тараған ізгілік ниетке ортақтасып жатты. Біз ол әріптестермен достасып, сырласып жаттық.

Сол кезде әріптестерімізден естіп білгеніміздей қазақ жерінде жүздеген жылдардан бері әлем дінбасшылары алғаш рет осылайша бас қосыпты. Міне, осы басқосуды журналистер қауымы «әлем жұртшылығы аттаған ерекше бір оқиға деп атап көрсетті». Солардың айтқандарын оқиық.

Джагет Райт

«AL HAYAT» газетінің корреспонденті

Қазақстанда мені қайран қалдырған уақиғаға тоқталайын. Ерекше жағдай. Талай ел мен жерде іссапарда болдым ғой, не естіп, неге куә болмадым. Бірақ, айтпағым тарихта алғаш рет еврейлер, израилдіктер дөңгелек үстел басында арабтармен, ирандықтармен отырғаны, қол алысқандары осы Астанада ғана алғаш көрдім. Бұл бұрын болмаған жағдай. Қарап тұрсаң, саясаткер тәжірибелі болса, қолдан келмесі жоқ екен. Президент Назарбаев осыны дәлелдеді. Егер осылай жалғаса берсе, бәлкім Таяу Шығыста да проблемалар шешіліп қалар. Тек сіздер бастаған өркениетті діндер үндесуі баянды болсын.

Мигель Бас Фернандес

«Эфе» агенттігінің жетекшісі

ТМД елдеріндегі «Эфе» испан ақпарат агенттігін басқарамын. Алтыншы рет қазақ жеріне келдім. Президент Назарбаевтың бейбітшілік ұсыныстары талай жанжалды бәсеңдетуге себепші болды. Қарабах қақтығысының бәсеңдеуі - бір. Екінші, Азиядағы өзара сенім форумы арқылы Үндістан, Пәкістан жанжалын жұмсартты. Үшінші, ядролық қарудан бас тарту батылдығы. Енді, міне, әлемді терроризм мен экстремизм өрті шарпыған сәтте дін тағылымын көтерді. Осыған дейін соғысқа сылтау іздеушілер, дін атын жамылушы еді. Бұл Қазақстандағы қасиетті үндесуден кейін тоқтар деген ойдамын.

Соңғы жаңалықтар