Динара Сәдуақасова шахмат ойнау стилі кімге ұқсайтынын айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал шахматшы, ҚР әйелдер құрамасының мүшесі Динара Сәдуақасова Астанада өтетін Командалық әлем чемпионатына тас-түйін дайын екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, елордада 4-15 наурыз аралығында әлемнің 14 елінен ең мықты құрамалар қатысатын классикалық шахматтан командалық әлем чемпионаты өтеді. Айтулы чемпионат Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Әлем чемпионаты «Астана» Халықаралық қаржы орталығы ғимаратында өтеді деп жоспарланған. Ондағы басты мақсат - жергілікті мамандардан бәсекеге қабілетті халықаралық дәрежедегі кәсіби шеберлерді қалыптастыру арқылы Қазақстанның адами ресурсы сапасын өсіру.

Турнирде Қытай, Әзірбайжан, Иран, АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Үндістан, Украина, Грузия, тағы да басқа елдерден және Қазақстаннан 20 құрама - 10 ерлер және 10 әйелдер командасы бақ сынайды. Олардың арасында әлем чемпиондары, континенттік чемпиондар, FIDE 2018 Олимпиадасынан соң ең жоғары рейтингтерімен 6 команда, қабылдаушы федерациядан екі команда және де FIDE президенті тағайындаған екі команда болады.

Сарыарқа велотрегінде классикалық шахматтан командалық әлем чемпионатына арналған баспасөз мәслихатында Динара Сәдуақасова чемпионатқа дайын екенін жеткізді.

«Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы атап өткендей, әлем чемпионатына ең мықты шахмат шеберлері келеді. Сайыстың өткізілуіне мұрындық болып отырған Мәдениет және спорт министрлігіне, Қазақстан шахмат федерациясына алғыс айтқым келеді. Ел намысын қорғау үшін барымызды саламыз. Осы турнирде өз әлеуетіміз бен күш-қуатымызды көрсетуге тырысамыз», - деді шахматшы.

Тілшілер Динара Сәдуақасоваға «Әлемдік ең мықты шахматшылар Каспаров, Карпов және Фишер десек, сіз өзіңіздің ойын стиліңізді кімге ұқсатар едіңіз?» деген сұрақ қойды.

«Күрделі сұрақ екен. Менің ойымша, ойын стилім Карповқа ұқсайтын секілді», - деді Динара Сәдуақасова.

Соңғы жаңалықтар