Динара Сәдуақасова қазақстандық шахматта жаңа рекорд орнатты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Англияның Мэн аралында Grand Swiss Халықаралық шахмат турнирі аяқталды. Бұл FIDE турнирлерінің ең ірі жарыстарының бірі – 11 турға созылатын ұзын қашықтықты жарыс болып табылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР шахмат федерациясынан мәлім еткендей, жарысқа әлемнің 40-тан астам елінен 150 мықты шахматшы қатысты. Турнирдің деңгейін Магнус Карлсен, Фабиано Каруана, Левон Аронян және әлемге белгілі өзге де шахматшылардың қатысуынан-ақ білуге болады. Қатысушылардың орташа рейтингі 2605-ті құрады.

Қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова сәтті өнер көрсете білген. Ол әйелдер арасында үнді спортшысы Харика Дронаваллимен 1 және 2-орындарды бөлісті.

«Бұл өзімді көрсетуге тамаша мүмкіндік болды. Күн сайын мықты ойыншылармен ойнайсың. Бар күшімді салдым. Бұған үлкен қобалжуды қосыңыз. Не дегенмен – үлкен дистанция ғой. Менің барлық қарсыластарым әлемдік шахмат элитасы – «алтыжүздіктер» тобындағы гроссмейстерлер. Бұл құрам мені үрейлендірген жоқ, керісінше, өзімді тексеруге құлшыныс тудырды», - деді Динара.

Grand Swiss турнирінен кейін Д. Сәдуақасованың рейтингі 2505 болды. Енді ол әлемнің ең мықты шахматшылары арасында 11-ші орында тұр. Бұл – қазақстандық әйелдер шахматы үшін рекорд.

Соңғы жаңалықтар