Динара Нұртаз: Қоғамда мемлекеттік қызметшілер туралы жағымсыз пікір өте көп
2022 жылғы 22 маусым 18:48

Динара Нұртаз: Қоғамда мемлекеттік қызметшілер туралы жағымсыз пікір өте көп

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасында маусымның 23-і — Мемлекеттік қызметші күні. Кәсіби мереке қарсаңында біз Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкері Динара Нұртазбен сұхбаттасқан едік.

– Динара Сабыржанқызы, сіз өңірде мемлекеттік қызметте істеп жүрген белсенді жастардың бірісіз. Әңгіменің әлқисассын мемлекеттік қызметке қалай келдіңіз, содан бастасаңыз.

– 2012 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің экономика факультетін тәмәмдәп, диплом алдым. Ол кезде менің жұмыс тәжірибем жоқ еді. Дегенмен, таныстарымнан білім беру ұйымдарының түлектеріне арналған «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы туралы естіп, сол арқылы Ақмола облыстық Мемлекеттік қызмет істері басқармасында тәжірибеден өттім. Бұл тәжірибенің пайдасы зор болды. Тәлімгерлерімнің арқасында көп білім мен дағдыны меңгердім. Кейіннен оның Жастар саясаты мәселелері басқармасында бас маман болуға да септігі тиді. Осыдан бастап менің мемлекеттік қызметтегі еңбек жолым басталды...

– Қазір сіз Ақмола облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде жұмыс істейсіз. Мұнда қалай орналастыңыз және немен шұғылданасыз?

- 2014 жылы мен университеттің магистратурасында оқып жүргенімде, құқық магистрі дипломын қорғау үшін диссертациялық жұмысыма «Сыбайлас жемқорлық және оған қарсы күрестің халықаралық тәжірибесі» тақырыбын таңдадым. Ал 2015 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аумақтық департаменті бос лауазымдарға байқау жариялады, тағдырым осы шығар деп, қатысуға бел будым (күледі). Байқаудан сәтті өтіп, Департаменттің кадр қызметіне қабылдандым. Қазір менің жұмыс орным өзгерді, мен сенімді серіктес ретінде азаматтардың сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілігін қалыптастыруға көмектесетін бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен біздің мемлекеттік органның жұртшылықпен өзара іс-қимылын қамтамасыз етемін. Яғни, менің негізгі міндетім - брифингтер, сөз сөйлеу мен сұхбаттар ұйымдастыру, ақпараттық-талдау материалдарын жазу, БАҚ сұрауларына жауаптар дайындау және т.б. Сонымен қатар, әріптестеріммен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың маңызды бағыттарын түсіндіру бойынша іс-шаралар өткіземін.

Сіз мемлекеттік қызметші ретінде сол саланың дамуына қандай үлес қостыңыз?

– Бұрын мен «Жігер» жас мемлекеттік қызметшілер клубы» жастар қоғамдық бірлестігінде болдым, онда клуб өкілі ретінде мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруға қатыстым. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіндегі жұмысымда пандемия кезеңінде мемлекеттік орган басшылары мен белгілі қоғам қайраткерлерінің қатысуымен түрлі қызмет салаларының өзекті мәселелері бойынша тікелей эфирлер ұйымдастырдым. 2020-2021 жылдары осындай 600-ден астам сұхбат жүргізілді. Сондай-ақ, сол жылдары «Antikornews» жобасы іске асырылды, онда мен бейнежаңалықтар форматында біздің өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндадым. Кәсіби қызметтен бөлек, мемлекеттік органдардың қоғамдық және спорттық өміріне белсенді қатыстым. Жұмыстағы елеулі жетістіктерім үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының, Ақмола облысы әкімінің алғыс хаттарымен, сондай-ақ мемлекеттік орган басшыларының грамоталарымен марапатталдым. Менің ойымша, өз міндеттерін адал орындайтын әрбір мемлекеттік қызметші мемлекетіміздің дамуына қандай да бір үлес қосады.

– Мемлекеттік қызметтегі жұмыстың ерекшеліктері туралы айтып берсеңіз?

– Білесіз бе, қоғамда мемлекеттік қызметшілер туралы жағымсыз пікір өте көп, бірақ бұл түсінікті жоққа шығара отырып, біздің де өмірде түрлі жағдайларға тап болатын ел азаматтары екенімізді айтқым келеді. Мемлекеттік қызметші - мемлекет пен халық арасындағы байланыстырушы буын. Азаматтардың мемлекеттік аппаратқа қатынасы мемлекеттік қызмет қызметкерлерінің кәсібилігі мен адамгершілік қасиеттеріне байланысты. Сондықтан, мен адал еңбек етіп, мемлекеттік қызметші лауазымын мақтанышпен және абыроймен алып жүруді біздің парызымыз деп санаймын. Қазақстандық мемлекеттік қызметші, әсіресе өскелең ұрпақ үшін әдептіліктің, адалдықтың, қарапайымдылықтың, әділдіктің үлгісі болуға тиіс. Жалпы, мемлекеттік қызметтегі жұмыс үлкен жауапкершілікті, жоғары коммуникабельділікті және ең бастысы, өз халқы мен мемлекетіне қызмет етуге, патриот болуға деген шынайы тілекті талап етеді. Міне, осындай өмірлік ұстаныммен мемлекеттік қызметті 9 жыл бойы атқарып келемін.

– Әңгімеңізге рахмет!


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT