Дина Нұрпейісованың домбырасының түпнұсқасы Атырау музейінде сақтаулы тұр

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Ғасыр саңлағы, дәулескер күйші Дина Нұрпейісованың өмірінің ақырына дейін пайдаланған домбырасы Атырау қаласындағы тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында 60-тан астам домбыра бар. «Өлке мәдениеті мен әдебиеті» экспозициялық залында  елімізге танымал, сөз маржанын мирас тұтқан ақын-жазушылар Ә.Сәрсенбаев, Х.Ерғалиев, Ф.Оңғарсынова, Ж.Нәжімеденов сынды көптеген атақты қаламгерлердің ғұмырдерегімен танысып, ұстап-тұтынған заттарын, пайдаланған бұйымдары, күй анасы Динаның домбырасы мен Құрманғазы Сағырбайұлы туралы деректер, талай тарландар төрткүл дүние төрінде қуаныш шаттығын күмбірлеткен саз-аспаптар коллекциялары тұр.
null

 «Өлке мәдениеті және әдебиеті» залында сол домбыралар күмбір-күмбір сыр шертіп тұрғандай сезіледі. Музейге келуші көрермендердің домбыраны ұстап, шертуіне мүмкіндік қарастырылған.

«Құрманғазы мен Дина халық жүрегінен өз орнын алған. Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінің домбыра залында 67 домбыра бар. Сондай-ақ Қазақстанның халық әртістері Нұрғиса Тілендиев пен Қаршыға Ахмедияров бастаған осы заманның талай ұлы тұлғаларының кезінде ойнаған аспаптары аса бағалы жәдігерлері  ретінде көрмеден орын алған. Ал, әйгілі сазгер, дәулескер күй анасы атанған Дина Нұрпейісованың талай бәйгелерде абыройын асқақтатқан айтулы күй аспабы келген қонақтардың қызығушылығын тудырады», дейді  аталмыш музейдің бөлім меңгерушісі Светлана Нұрпейісова.

Қазақстан Республикасының халық әртісі, Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің концертмейстері Тұяқ Шәміловтің айтуынша, Дина Нұрпейісованың домбырасы шамамен 1930 жылдары жасалған. Домбыра әуелі Қазақстанның халық әртісі, күйші Қали Жантілеуовте болған. Кейіннен домбыраны өнер зерттеушісі Аббас Смайылов сақтап, 1978 жылы домбыраны қайтадан Тұяқ Шәміловке тапсырады. Ұзақ жылдар сақтаған домбыраны Тұяқ Шәмілов 2000 жылы 16 қарашада музейге табыс етті.

Дина  Нұрпейісова 1861 жылы Орал  облысындағы Жаңақала ауданында дүниеге келген. Әкесі Кенже  қарапайым шаруа қожалығында мал бағып, жас кезінде күреспен айналысқан, атпен шабатын және домбырада ойнайтын өнері болған, шешесі Жаниха да ән салатын, әсіресе домбыра тыңдап, шерткенді жақсы көретін.

Күй  анасы Дина  бала  кезінен-ақ бойында қазақы тектіліктің тұнып тұрғанын көрсете білді. 9 жасынан қаршадай қыздың даңқын естіп, атақты   дәулескер күйші Құрманғазының   өзі   әдейі   іздеп   келіп,   батасын    берген   деседі. Дина Құрманғазының «домбыраны   қолына  алғанда оны тартпас бұрын ең алдымен құлақ күйін келтіріп әбден  баптап ал, міне, осындай дайындықтан соң домбыраға кіріс» деген сөзін өмір бойы ұстанып өтті.

Атырау облысындағы  күйші туған Еділ-Қиғаш өзені бойындағы аудан Құрманғазы атымен аталады. Сондай-ақ облыс орталығында облыс орталығында даңқты тұлғаларға арналған мәдениет сарайы мен көше бар. 6 метрлік алып тұғырда қаһарлы күйші домбырасын білеп, ойға шомған қалыпта тұр. Сондай-ақ, күй анасы Динаның мүсіні өзінің атымен аталатын колледжге орнатылған. Анкара қаласында да Дина Нұрпейісованың мүсіндік композиясы қойылады. Мүсіндік композиция Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын Түркияда мерекелеу аясында 2011 жылы Анкарада ашылған Дина Нұрпейісова атындағы саябақта орнатылады. Сол жылы Түркияда атақты қазақ композиторы Дина Нұрпейісованың 150 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтілген болатын.

Қазақстан Елшілігінің, Түркияның мәдениет және туризм министрлігінің, Түрік мәдениеті халықаралық ұйымының  (ТЮРКСОЙ) және Анкара қаласы Этимесгут ауданы мэрінің ұйымдастыруымен 2011 жылы  Дина Нұрпейісова атындағы саябақ ашылғаны - ерекше маңызы бар оқиға. Бұл танымал күйшінің атында шетелде ашылған алғашқы саябақ. Атақты қазақ композиторы Дина Нұрпейісова - тек қазақ халқының емес, бүкіл түрік жұртшылығының ықыласы мен құрметіне бөленген алғашқы әйел.

Естеріңізге сала кетейік, қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында 14 маусымда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні етіп белгілеу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. 
nullnull

Соңғы жаңалықтар