Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына орай оқушыларға 160 домбыра тарту етілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына орай «Дегдар» гуманитарлық қорының Қамқорлық кеңесінің төрағасы Дариға Назарбаева 10 оқу-тәрбие мекемесінің 160 оқушысына 160 домбыра сыйға берді. Бұл туралы ҚазАқпарат қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Әйгілі күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына орай ұйымдастырылған жобаның мақсаты – қазақтың ұлттық аспабын сатып алуға мүмкіндігі жоқ талантты балаларға киелі домбыраны табыстау. Арнайы жасалған 160 домбыра ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен аз қамтылған отбасылардан шыққан бүлдіршіндерге берілді. Сонымен қатар бұл жоба «күй анасы» атанған Дина Нұрпейісованың бай мұрасын дәріптеуге, ұлттық өнердің насихатталуына үлес қосуды көздейді.

«Осындай игі шараның арқасында домбыра тартып үйренсем деген талай баланың тілегі орындалады. Бұл сыйлығымыз әйгілі күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығымен орайлас келіп отыр. Ол өзінің таланты мен музыкаға деген махаббаты мен туған жерге сүйіспеншілігінің арқасында «Күй анасы», тұңғыш әйел-композитор атанды. Оның күйлерінде даланың тылсым даусы мен бұлбұл құстың әсем үні бар. Ұлттық музыкаға құштар балалар көп болған сайын, ұлтымыздың болашағы жарқын, рухы жоғары болатынына сенеміз», - деді Д.Назарбаева.

Іс-шараға қатысқан Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, өз кезегінде, педагогтарға және балалар музыка мектептерінің, ансамбльдердің жетекшілеріне алғыс білдірді.

«Қазақта «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген киелі сөз бар. Күй өнерін хас шеберлігімен аспандата білген ерекше тұлға – Дина Нұрпейісованың да бағыт берген ғұлама ұстаздары болған, алдымен оның әкесі, содан кейін ұлы Құрманғазының өзі оның музыкаға қызығушылығын қолдап, талантын ұштаған. Бүгінгі жиында балаларды және өз ісін жақсы көретін осындай тәлімгерлер бар екеніне кәміл сенімдімін»- деді министр.

Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы аясында өткізіліп жатқан іс-шара аясында қатысушылар жаңа музыкалық челлендж бастады. Ұйымдастырушылар атап өткендей, челлендж аясында әрбір видео Instagram әлеуметтік желісінде #ДинаНурпеисоваФондДегдар хештегімен жарияланып, домбырада ойнаудың онлайн жарысы ретінде ұсынылады. Челлендж өскелең ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіріп, ұлттық өнердің сақталуы мен насихатталуын арттыруға бағытталған. Жаңа музыкалық челлендж Instagram әлеуметтік желісінде 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін өтеді.


Соңғы жаңалықтар