Дін мен дәстүр - егіз ұғым

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Еліміз егемендігін алып, өз алдына дербес мемлекет болған сәттен ата дәстүрімізбен біте қайнасқан асыл дініміздің де Айы оңынан туды. Кеңес заманында қазақ халқын тілінен, дінінен, дәстүрінен ажыратып, ұлттық рухын әлсіретудің сан түрлі айласы жасалғаны тарихтан белгілі. ​

Тәуелсіздік алғаннан кейін «Қазақтың өзіндік ұлттық қасиеттерінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасау менің президенттік те, перзенттік те парызым», – деп Елбасымыз ұлттық тәрбиеге ерекше мән берді. Нәтижесінде ширек ғасырдан аса уақыттан бері көптеген бағдарламалар қолға алынып, іске асты. Соның бірі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы.

Тәрбие барша адамзатқа қажетті құндылық. Діні бөлек, ұлты басқа болса да, бар адамзат тәрбиенің қажеттілігін сөзсіз мойындайды. Сондықтан оны дұрыс таңдау да өз алдына бір мәселе.

Ислам – адам тәрбиесін иләһи жүйемен ұштастырады. Яғни, адамзаттың барлық құндылықтары қорғалған шариғат жолы. Алланың тәрбие үшін түсірген жүйесі тек өзіне ғана құлшылық етуге шақырумен қатар, адамдық қасиет пен адалдықты, кішіпейілдік пен кешірімділікті, мейірім мен жанашырлықты және адамның адамға жақсылық жасау арқылы екі дүниелік бақытқа жетуіне болатынын меңзейді.

Дәстүрлі дініміздің негіздерін үйрену арқылы жастардың рухани дүниесі дамып, кез келгеннің құрығына түсуден сақтанып қана қоймай, өмірдегі өз орнын тайға таңба салғандай етіп белгілейді. Сондай-ақ әркімге бір еліктеуден құтылып, ақиқаттың жолымен ғана жүруді үйренеді.

«Ислам - пәктікті талап ететін дін. Сол себепті тазалық иманның басты бір бөлігі. Ел арасында кең тараған ырым-тыйымдар халықтың діни наным-сенімінен шыққан. Айталық, ең қастерлі тағам нан екені шындық. Үлкендер «Балаға нанды бір қолыңмен үзбе», – деп айтып отырады. Себебі, нан қастерлі тағам. Оның қоқымын жерге орынсыз шашпауды да үйреткен. Тазалық пен ысырапқа жол бермейтін, асқа құрмет әдебін үйретіп, бардың бағасын білуді меңзейтін тыйымдармен неге келіспеске?!

«Таңғы асты тастама, кешкі асқа бақпа». Түннен аман тұрғанымызбен, кешке дейін талай оқиға болуы мүмкін. Сондықтан таңғы асқа келген кісі, әлбетте дәмнен ауыз тигені дұрыс деп санаған.

Жалпы ұрпағын жаман бол деп тәрбиелейтін ұлт жоқ. Ал тәрбиенің негізгі өзегі адамгершілік, адалдық, қарапайымдылық, ар-ұят, кішіпейілділік, еліне-жұртына, жеріне сүйіспеншілік – бір сөзбен айтқанда имандылық. Әр халықтың бойында үйренерлік, үлгі-өнеге тұтарлық жақсы ізгі қасиет баршылық. Міне, осыны ескере отырып, ұрпағымызды имандылыққа тәрбиелеу арқылы ғана ұлтын сүйетін перзент өсіре аламыз.

Әнет Омарханұлы

Имам

Соңғы жаңалықтар