Дін мәселелерін түсіндіруге елдің болашағын ойлайтын азаматтар белсене араласуы тиіс - БҚО әкімі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Дін мәселелерін түсіндіруге, діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алуға тек мемлекеттік мекемелер мен діни бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар ғана емес, елдің болашағын ойлайтын азаматтар белсене араласуы тиіс. Бұл туралы облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.

Оның айтуынша, ғибадат орындарындағы әңгіме дінмен шектелмей, ұлттық салт-дәстүр, адами және рухани құндылықтар алтын арқау болуы керек. Елбасымыз жүргізіп отырған сарабдал саясатқа сәйкес өңірдегі дінаралық және ұлтаралық татулыққа, қоғамдағы келісім мен ынтымақтың нығаюына әркім де мүдделі болғаны жөн. Бұл ретте аузы дуалы ақсақалдар мен тәлім-тәрбиесі мол әжелер мен аналар, өмір тәжірибесі мол адамдар маңызды рөл атқара алады. Әкімдер де туындаған мәселелерді солармен ақылдаса отырып, шешсе, қателеспейді. Ең бастысы, адамдардың бір-біріне деген сенімі нығайып, елдің болашағы жарқын болуы үшін бір мақсат жолында біріге білу қажет.

Отырыста аталмыш кеңестің биылғы іс-жоспары бекітіліп, бұл бағыттағы жұмысты ширата түсу қажеттігі атап өтілді. Мәселен, биыл құрамына қоғам қайраткерлері, мемлекеттік құрылымдар мен құқық қорғау органдары, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері енетін, 40 адамнан тұратын жедел ақпараттық-насихат тобын құру көзделуде. Сондай-ақ түрлі конфессия өкілдерінің, діни бірлестік басшыларының басын қосатын клуб та құрылатын болады.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметовтің баян еткеніндей, өңірде 9 конфессияны құрайтын 71 діни бірлестік тіркелген. Құрамында облысқа танымал адамдар, мемлекеттік органдар мамандары, дінтанушы, теологтар бар 26 ақпараттық-насихаттық топ қызмет етіп келеді. Айталық, өткен жылы олар өткізген 875 шара барысында 65 мыңнан астам адам қамтылды. Діни сауаттылықты арттыруға арналған діни-танымдық кітаптар мен кітапшалар, аудио және бейнетаспалармен қамтамасыз етуге 52 млн. теңге бөлінді, басқа да жұмыстар атқарылуда.

Соңғы жаңалықтар