Дін беріктігі – ел тыныштығы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда елімізде діни тұрақтылық қалыптасып, халықтың басым бөлігі дәстүрлі ханафи мазхабын ұстанып, салт-дәстүрін сақтап келеді. Дегенмен де, әлемде радикалды секталардың белең алып, діни экстремизм, терроризм мәселелері бірқатар елдерде өршіп, қалың бұқара зардап шегуде. Арам ойлы, теріс пиғылды радикал топтардың өкілдері бізде де жүр.

Ең өкініштісі, терроризмді ислам дінімен байланыстыратын радикалды секталардың теріс әрекеттері орын алуда. Еліміздегі жат ағымның жетегінде кетіп, адасып жүрген бауырларды түзу жолға салу - баршаның міндеті. Себебі олар бірімізге туыс, аға-әпке болса, енді бірімізге жекжат болып келеді. Сондықтан, рухани дүниетанымымызды байытып, дәстүрді ұлықтайтын шараларды көптеп өткізу қажет.

Қазір Қазақстанның барлық аймағында ақпараттық топ дін саласындағы өзекті мәселелерді қозғап, экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша тұрғындармен, жастар, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерімен тиісті жұмысты атқарып келеді.

Басты мақсат – тарихи тамырымызға зер салып, дінге байланысты дүниені терең зерделеп бағамдай білу. Ислам діні - ұлтымыздың басты рухани негізі, ата-баба ұстанған, қастер тұтқан сара жол екенін қоғамға насихаттап, тарихымыз бен елдік санамызды саралап, ұрпаққа бағыт-бағдар беру қажет. Алайда, діннің атын жамылып, жастар арасында теріс бағыттағы арам ойын жүзеге асыратындар да бар. Әсіресе, әлеуметтік желілердегі терроризм мен экстремизмге, қатыгездік пен ұлтаралық жанжалға шақыратын топтардан аулақ болған абзал. Ата-аналар да балаларына үнемі бақылау жасап отыруы керек деп ойлаймын.

Елімізде 3-4 жылдан бері діни экстремизм, терроризм мәселелерінен жапа шеккендерге кәсіби заңгер, теолог, дінтанушы және психолог мамандар қызмет көрсетіп келеді. Кез келген ата-ана ұл-қызының күмәнді сайттарға кіріп жүргенін не діни ұстанымының өзгергенін байқаса, осы мамандарға жүгінуі тиіс.

Елде қалыптасқан ұлттық дәстүр мен ұстаным Ислам дінімен біте қайнасып жатыр. Сондықтан, діни сауатсыздық қашанда жат қылықтарға жол беріп, халық арасында дүрбелең туғызады. Бөтен ағымдардың етек жаюына мүмкіндік бермей, елге жанашырлық танытып, жас ұрпақтың заманға сай озық білім алуына, мұсылмандық тәлім-тәрбиемен сусындауына әрбір азамат жауапты екенін ұмытпайық.

Ахмет Жұмабекұлы

имам

Соңғы жаңалықтар