Димаштың тағы бір әні цифрлық платформаға шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- Әйгілі отандасымыз Димаш Құдайбергеннің «Be With Me» атты жаңа әні бүгін цифрлық платформаларға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа тректің көпшілікке қолжетімді болатынын әншінің өзі бірнеше күн бұрын Instagram парақшасында жариялаған болатын.

«Құрметті достар, жақын арада, нақтырақ айтқанда 2 сәуірде, барлық цифрлық платформаларда орналасқан Dimash Qudaibergen атты ресми аккаунттан менің «Dimash Digital Show» алғашқы онлайн-концертімде орындалған «Be With Me» атты әнімді тыңдай аласыздар», - дей келіп, өз жанкүйерлеріне алғыс білдірген.

Dimashnews порталының жазуынша, «Be With Me» әнін Димаштың өзі әрлеген. Әуелі демонұсқасын нобайлап, кейін оған Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Абылай Тілепбергенов ойнаған домбыра партиясын қосқызған. Димаш әндерінің тұрақты өңдеушісі, саунд-продюсер Ерлан Бекшурин деможазбаның мәнерін өзгертіп, бастапқы құрылымы мен бас әуенін сақтай отырып, қосымша ырғақтар қосыпты. Осыдан кейін ол Әділжан Толықпаевты шақырып, домбыра партиясын қайта жазып шыққан. Бұл тандемге композитор Ренат Гайсин қосылып, клавинет пен үрмелі аспаптар партиясын кіргізген. Мәскеулік музыкант Марсель Хакимов бас партиясын қайта жазып шығады.

Димаштың дауысын дыбыс режиссері Дастан Мерғалиев жазған. Ал ақтық жазба кезінде Димашқа БЭК-вокалистер Расул Усманов, Джордан Аракелян, Зарина Божакова қосылған.

Осынша еңбектің бәрін Ерлан Бекшурин DimashAli студиясында «пісіріп», толыққанды трекке айналдырды.

Саунд-продюсердің айтуынша, ән мәтінін Джордан Аракелян мен Дәурен Шамұратов жазған. Джордан негізгі ағылшынша мәтінде жазса, Дәурен қазақша рэп мәтінін шығарды.

«Be With Me» әні алғаш рет 2021 жылғы 17 қаңтарда американдық TIXR стриминг платформасындағы «Dimash Digital Show» онлайн-концертінде шырқалған еді.

Dimash DIGITAL SHOW Димаштың коронавирустық пандемия басталғаннан бергі алғашқы жаһандық қойылымы болды.


Соңғы жаңалықтар