Димаштың фанаттары екі қолынан айырылған ақтөбелік балаға ақша жинап жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Димаш Құдайбергеннің фанаттары екі қолынан айырылған Дамир Фактулинге ақша жинап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында оқыс оқиға тіркеліп, мектеп оқушысы Дамир Фактулиннің екі қолы күлге айналған болатын. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, мектеп директорының орынбасары мен электрик кінәсіз деп танылды. Кейін Шалқар аудандық әкімдігі оқушының отбасына үй берді. Бұл отбасы әлеуметтік желі арқылы БАҚ өкілдеріне хабар беріп, Дамир Фактулиннің ем-домына және қол протезіне ақша сұраған болатын. Енді бұл отбасыға әнші Димаш Құдайбергеннің фанаттары да көмектесетін болды.

«Еуразиялық фан-клуб Димаштың туған күніне орай қайырымдылық шарасын өткізуді дәстүрге айналдырды. Біздің клуб қиын жағдайға тап болған балаға көмектесу жөнінде шешім қабылдады... Сондықтан Димаштың анасы Светлана Айтбаеваға хабарласып, Дамир Фактулиннің мекенжайын, байланыс нөмірін сұрап алдық. Оқушы токқа түсіп, екі қолынан айырылған. Қазіргі уақытта оқушының қолына протез салу үшін қаржы жинау басталды», - деп хабарлады фан-клуб әлеуметтік желідегі парақшасында.

Дамирдің анасы Гүлмира Фактулина әнші фанаттарының өзіне хабарласқанын, бұл қуанышты жаңалық екенін айтып берді.

«Димаш Құдайбергеннің фанаттары хабарласып, протезге ақша жинауға, сөйтіп қайырымдылық жасауға рұқсат сұрады. Мен өз келісімімді бердім. Баланың қолы толық жазылған соң екі жылдың ішінде протез салынады. Балам Дамир әншінің барлық концерттерін қарап отырады, әнін тыңдайды. Бұл - бізге үлкен көмек болар еді», - дейді баланың анасы Г.Фактулина.

Соңғы жаңалықтар