Димаштың балаларын да оқытамын деген үміт бар - әншінің ұстазы Марат Әйтімов

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Димаш Құдайбергеннің ұстазы Марат Әйтімов шәкіртінің фанаттарын үнемі құшақ жая қарсы алады. Ол кездесуде бар сырын ашпағанымен, әншінің басынан кешкен қызықты оқиғаларымен бөліседі. Журналистерге де алдағы армандары мен тілегін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Баланы Димаш Құдайбергендей етіп қалай тәрбиелеуге болады?

- Димаш, оның тәрбиесі жайлы, қазақ еліне, мемлекетке деген сіңірген еңбегі туралы көп айтылады, теңеулер де жетерлік. Қанша жерден тәрбиелі, көргенді болғанмен таланттың жөні бөлек. Алла Тағала саған талант бермесе тәжірибемен ештеңеге қол жеткізе алмайсың. Ол дәлелденген факт. Құдай беруі керек. Берілген таланттың пайыздық мөлшері де әртүрлі болады. Байқасаңыздар, осы күнге дейін академиялық жанрда, эстрадада қазақтың атын әлемге танытқан әнші болмады. Сөздің шыны осы. Кеңес дәуірінде одақ халқының деңгейінде сахнаға шыққан бірер өнер иесі болды. Димаштың деңгейіне жеткен өнер иесі кездеспеді. Жүз жылда, бәлкім мың жылда біртуар талант иесі, Құдай маңдайынан сүйген бала шығар деп ойлаймын. Сонымен қатар ата-әжесінің тәрбиесін алды. «Көргенді бол, үлкенді сыйла, қазағыңның атын шығар, ешкімнің бетіне келме» деп айтқанды ұққан бала. Бәрін дәлелдеп келеді. Әріптестері неше түрлі мінез көрсетіп жатса да жауап беріп жатқан жоқ. Ол жас болғанымен үлкендігін көрсетті. Кейбір аға-апаларымыз сияқты мерзімді баспасөз бетінде, ғаламторда ғайбаттап жатқан жоқ. Болашағы үлкен адамның тұрқы осындай болуы керек.

- Әнші Ақтөбеге келген сайын сізден сабақ алып тұра ма?

- Мүмкіндік болған кезде сабақ алады. «Келген сайын көріп жатырмын» десем өтірік айтқан болар едім. Оның Ақтөбеде екенін білмей қалатын шағым болады. Бірақ көбіне келген сайын соғып кетуге күш салады. Үй келсе сабақ бермеймін, бірақ музыкалық колледжге келсе дауысын көріп, білемін. «Дұрыс па» деп сұрайтын кезі бар.
null

- Дауысынан өзгерістер байқайсыз ба?

- Дауысынан өзгеріс байқалмайды. Өзгеретіндей жағдайға жетпеді. Ол жас, жанып тұр. Жасы ұлғайса да дауысында проблема болмауы тиіс. Өйткені мектебі мықты. Өз балам болғасын мақтады деп айтар, дегенмен әлем мектебінің дұрыс екенін айтты, әлі де мойындап жатыр.

- Колледжде білім алып жүрген кезде алдымен оқу керек деп байқауларға жиі қатыспаған екен. Рас па?

- Өз класыма келген балаларды байқауға бірден жібермеймін. Қазір әу дегеннің бәрі әннің соңына түсіп, ата-анасының жетегіне ереді. Лауреат болады, гран-при иеленеді, «менің баламнан артық бала жоқ» деген ойды санаға сіңіреді. Ата - ана музыканың, ән айтудың парқын білмесе де балаларын сүйрейді. Бала өседі, балаларда проблема басталады. Олар қатысқан байқаудың деңгейі өседі, кәсіби деңгейі бар әділқазылар балаға орын береуі мүмкін. Сол кезде айқай-шу басталып, реніш туады. Көп кездесетін індет, ауру осы. Өкінішке қарай балаларда емес, ата-аналарда кездеседі. Сондықтан пісіп, жетілмейінше, белгілі бір сатыдан сатыға көтерілмейінше класымда оқыған балаларды байқауға қатыстырмаймын. Музыкалық колледжде бір бала 45 минут бойы жалғыз өзі дайындалады. Аптасына әр білім алушы төрт сабақ алады.

- Димашның неше концертіне қатыстыңыз?

- «Бастау», Мәскеуде өткен екі күндік концерті мен «Арнауына» бардым.
null

- «Арнау» концерті кезінде тікелей эфир болып, сіз «Димашпен арадағы әңгімені көпке айтқым келмейді» дедіңіз. Неге?
- Өзге оқу орындарында мұғалім мен студенттің арасында сыйластық болуы мүмкін, бірақ сырлас емес. Біз сырласпыз. Музыкалық колледжде «баланың тамағы тоқ па, ұйқысы қанды ма, түнде қыдырды ма, ұрысты ма, ата-анасына зекіп қалды ма» деген сұрақтың бәрі алаңдатады. Ұрыстың өзі дауысқа әсер етеді, дауысы шықпай қалады. Сондықтан қай қызға кімнің қырындап, ер балалардың кімде көңілі бар екенін білеміз. Журналистерге сыр ашпауымның себебі осында. Димашты ұнатқан қыздар болды. Ол жағын ашық айтпаймын.

- Әншіні қай кезден бері білесіз?

- Димашты 6-7 жасынан бері білемін. Музыка мектебіне, балалар студиясына келген кезден танимын. Ата-әжесі, ата-анасымен бұрыннан таныспын. Достық қарым-қатынас сақталған. Тіпті анасы Света Айтбаева да менен төрт жыл сабақ алып, осы музыкалық колледжде білім алды. Светаны, Димашты оқыттым, енді Димаштың балаларын да оқытамын деген үмітім бар.

- «Арнаудан» алған әсеріңіз?

- Әркім әртүрлі айтып жатыр. Мен үшін Димаштың дауысы концерттің басынан аяғына дейін көңілімнен шығатындай болып шықты, ұнады. Мәселен, Мәскеудегі концертте екеуміз ән айттық, мен бастадым. Сонда адамдар «мынау шынымен өзі айтып тұр ма» деп таңқалды. Яғни, концерттің жақсы өтуі музыкалық аппаратқа байланысты. Бізде сахнаға шығар кезде «микрофон қосылмай қалатын шығар» деген қорқыныш болады. Ал өзге елде бұл әншінің емес, техникалық қызметтің жауапкершілігіне жүктелген. Ондайда ән айту ләззат сыйлайды.

- Димаш кімнен ығады?

- Әкесі Қанаттан қорқуы мүмкін, бірақ менен ығатынын өзім білемін. Білім алған кезде мен қатты қараймын. Қатты болмасаң белгілі бір дәрежеге жету мүмкін емес. Қыздар жайлы әңгіме айтқанда айналайын деп маңдайынан сипағаныммен, сабақта таза іскерлік қарым- қатынас орнайды. Менен ыққаны - сыйлағаны.
null

- Сізге ерекше сыйлық жасаған кезі болды ма?

- Ия. Бірақ оны айтпаймын. Журналистер сырға құма
р, бірақ сыйлық туралы ашық айтылмайды. Ол жеке өмірі туралы аз айтады, қазбалап сұрамаймын. Кеңес беретінім рас. Өз балам болған соң ертең бармағын тістемейтін, жөні түзу қызбен бас қосқанын қалаймын. Тек Димаштың емес, барлық балаларымның бақытты болғанын қалаймын.

- Димаштан кейінгі шәкірттеріңіз бар ма?

- Бар. Олар Алматы, Астанада жүр. 80-90 пайызы таза академиялық опера айтуды таңдады.
- Фанаттар сізден не сұрайды?

- Фанаттар алыс шетелден келеді, олардың психологиясы басқа. Олар біз таңқалмайтын нәрсеге таңқалып қарайды. Көбі қызықты оқиға сұрайды. Шынын айтқанда ол жақта тұрмыстық проблема жоқ. Ертең не жеймін, арғы күні ет бола ма, болмай ма деген проблемадан құтылған шақта көзқарас өзгереді, арзан ән жалықтырады. Сонда өзгені тыңдайсың.

- Фанаттардың сыйы бар ма?

- Өткен жылы музыкалық колледжге фортепиано сыйлады. Тағы да сый дайындап жатыр екен. Оны дәл сол кезде білесіздер.

- Қызықты оқиға...

- Димаш та өзге балалар секілді ұйықтап қалады. Телефон шалып, қатқыл дауыспен сөйлеймін. Ол 15 минутта колледжге келеді. Шашының қалың екенін бәрі біледі. Сол кезде шашының бір бөлігі әдемі болып, екінші бөлігі жан-жаққа қобырап тұратын. 15 жастағы жасөспірімге тән қылықтың бәрі Димашта болды. Төбелесетін кезі де кездесті. Бірақ жүрегі жұмсақ. Кез келген сәтте көмекке дайын, әлемді құшағына алғысы келеді. Мәселен, жағдайы төмен отбасының баласы үстіне киетін киім таппаса, үстіндегі жылы күртесін шешіп береді. Мұндай кездесті.

Соңғы жаңалықтар