Димаштың арқасында рейтингім көтеріліп, шетелден студенттер телефон шалды - Марат Әйтімов

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -  Димаштың ұстазы Марат Әйтімов бүгін Ақтөбе музыкалық колледжінің студенттері алдында шәкіртіне алғыс айтты. Соңғы күндері рейтингі көтеріліп, Ресей мен Қырғызстан, еліміздің әр өңірінен студенттер хабарласып, Ақтөбедегі музыка колледжіне ауысу ұсынысын айтқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қытайлық Хунан телеарнасының «Мен әншімін» байқауында бақ сынап жатқан Димаш Құдайбергеннің ұстазы Марат Әйтімов бүгінде ел назарын өзіне аударды. Әлем сахнасын бағындыруға бел буған, төрт жыл бойы тәлім алып, алғашқы күні-ақ Қытайда көзіп, ел назарына іліккен Димаш ұстазына да жол ашып берген секілді. Марат Әйтімов бүгін Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде студенттер алдында шәкіртіне алғысын айтты.

«Астанадағы ұстаздарына ұнай ма, ұнамай ма, оны білмедім. Димаш ұстазы туралы сұраған адамға менің аты-жөнімді айтады. Сол үшін де мен оған алғыс айтамын. Димаштың, конкурстың арқасында менің рейтингім 10, тіпті 20 сатыға жоғары көтерілді. Басқа облыстардан ғана емес, басқа мемлекеттен, Қырғызстаннан, Ресейден студенттер хабарласты. Сол жерде оқитын студенттер Ақтөбе музыкалық колледжіне ауысып, менен дәріс алғысы келетінін айтқанда абдырап қалдым. Бұл жауапты жүк»,- деді Марат Әйтімов.

Оның айтуынша, музыка колледжінде дәріс беретін әр ұстаздың өз әдістемесі, сыры бар. Колледждегі 4 жыл Димаштың қалыптасуына, дамуына үлкен септігін тигізді. Қазіргі Димаштың жетістігі ұстаз бен шәкірттің ортақ жеңісі, жемісі, тынымсыз еңбектің нәтижесі.

«Бәріне бірдей ұнайтын студентті мен қатты жақсы көрмеймін. Музыкада белгілі бір шеңберден асып кетуге болмайды, бірақ жақсы нәтижеге қол жеткізетін мінез болуы керек. Мен солай ойлаймын. Ол сабақ алған кезде еш қиналмады, жаттауға да сергек. Тіпті,оған жеткізбек болған ойымды бірден ұғып, айтқызбай-ақ білді. Музыка, мінез, стильде де. Себебі, ол үнемі ізденіс үстінде жүрді. Іздеді, тыңдады, қарады. Мен қатты мақтағанды, көп сөйлегенді жақсы көрмеймін. Аз сөйлеп, жұмыс істеген, жақсы нәтижеге қол жеткізген жаныма жақын»,- деді Марат Әйтімов.

Ұстаз әрі жанашыр аға Димаштың осы қалпында қалуын тіледі. Ол жақынына, жанындағы досы мен көршісіне, тіпті, бейтаныс мұқтаж адамға қолда барын беретін жомарт жан. Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған кездесуде ұстазы Марат Әйтімов «Еуровидение» байқауына қатысу туралы ойлар мен ұсыныстар туралы пікірін жеткізді.

«Мен соңғы жылдары бұл конкурсты қарамаймын. Ол жердегі көп нәрсені түсінбеймін. Менталитетімізде айырмашылық бар сияқты. Біреу саған ұнаса, соңғы жағында тұрады. Нәтижесінде мен күтпеген адам жеңімпаз болып жатады. Сондай-ақ «Еуровидение» өнердің шырқау шегі, шыңы емес. Димаш «Евровидениесіз» де қолыңнан не келетінін көрсете алады»,- деді Марат Әйтімов. 

Соңғы жаңалықтар