Димаш жұмыс істеп жүріп, тынығатын адам – Света Айтбаева

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Димаш Құдайбергеннің Лондондағы концертіне қатысқан отбасы мен ақтөбелік оқушы Нарғыз Жанұзақова елге оралды. Света Айтбаева концерттен кейінгі Димаштың көңіл-күйі мен оның алдағы жоспарлары жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеліктер Димаш Құдайбергеннің отбасы мен концертте ән шырқаған Нарғыз Жанұзақованы күтіп алды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, ақтөбелік оқушы Лондонда «Елімнің жүрегі - Астана» әнін орындап, Димаш Құдайбергеннің алғысын алды. 

«Концерт керемет өтті. Димаш ағаның концертінде, Indigo at the O2 концерт залында ән шырқап, ұмытылмас әсер алдым. Мен үшін бұл - үлкен мәртебе. Әрі сапар кезінде Лондонды аралап, қайықпен жүзіп, ІІ Елизавета патшайымның үйін көру бақыты бұйырды. Қала тұманды, жауынды болғанымен, адамға жылылық сыйлайды», - дейді жас талант Нарғыз Жанұзақова.null

Айта кетейік, ақтөбелік оқушы «Бақытты бала» вокалдық байқауында жеңімпаз атанып, әнші Димаш Құдайбергеннің концертінде бірге ән шырқау мүмкіндігіне ие болған еді. Света Айтбаева бұл Ақтөбеде басталып, Лондон сахнасында жалғасқан ерекше шара екенін атап өтті.

«Димаш 2 - 2,5 сағаттық концертті өзі беретін. Бұл жолы Нарғыз бірге ән айтып, көрерменін тәнті етті. Туған жері Ақтөбеден жас дарын барғанда фанаттары да жақсы қабылдады. Жанкүйерлер Нарғызды өз елдеріне шақырды», - деді Света Айтбаева.

Әнші Димаш Құдайберген ВВС каналына сұхбат беріп, Мәскеуге, кейін Қытайға барады. Кестесі тығыз болған соң ол туған жеріне келе алмаған.

«Димаш Лондонда қалды. Ол таяуда туған жеріне, Ақтөбеге келіп, тынығуды армандайды. Бірақ кестесі тығыз. Лондоннан соң Мәскеуде өнер көрсетіп, Қытайға барады. Осы аралықта уақыт тауып, үйіне келіп, демалады деп үміттенеміз. Димаш жұмыс істеп жүріп, тынығатын адам. Кішкентайынан еңбекқор. Музыкалық мектеп, колледжге барды, үнемі дайындықта жүрді. Студияда жаңа ән жазу, әрлеу, туындыларды өмірге әкелу, оркестрмен жұмыс істеу оған күш сыйлайды. Жас кезінде тынымсыз жұмыс істегені дұрыс деп есептейміз. Фанаттарына айтарым, Димаш жақсы, ол шаршамады», - деді Света Айтбаева.

 

 

Соңғы жаңалықтар