Димаш ұстазы Марат Әйтімовке сәлем бере барды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Singer-2017» ән байқауына қатысып жатқан Димаш Құбайберген ұстазы Марат Әйтімовке сәлем берді. Ғазиза Жұбанова атындағы филармонияда өткен кездесуден соң ұстаз бен шәкірт бір-біріне алғысын әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қытайда өтіп жатқан ән байқауының келесі кезеңіне дейін бір апталық демалыс алған Димаш Құдайберген сенбі күні Ақтөбеге келді. Ол женсенбіде қытайлық арнаның түсіру тобымен ұстазы Марат Әйтімовке сәлем берді. Қазақ елін әлемге танытып жүрген Димашты қарсы алған ұстазы өз парақшасына: «Димаш, балам, Қытай журналистерімен келіп сәлем беріп кетті. Денің сау болсын! Аман жүр! Сәттілік тілеймін!», - деп жазған.

Ұстаз бен шәкірт арасындағы ыстық лебізге оқырмандар да өз ықыласын білдірді, сүйсінді. Ал Димаш Құдайберген «сізге ешкім жетпейді» деп пікір қалдырды.

«Осының бәрі сіздің арқаңыз, ағай... Мен білетін Марат ағай мақтағанды ұнатпайды. Бірақ ренжімеңіз, сізді мақтамаудың өзі айып. Сізге көп-көп рахмет! Бүгін сізді көріп, мауқымды басып алып, ерекше күйге бөлендім. Сізден қанша ескерту алсақ та, дәріс алсақ та біз үшін бақыт. Қанша шетелдік мұғалімдерден сабақ алсам да, өскенімізді шын жүректен қалайтын сізге ешкім жетпейді екен», - деп жазды Димаш.

Ұстазы бұл сөзден соң шәкіртінен кәсіби ізденісін тоқтатпауын сұрады.

«Жаным, Димаш, балам. Көргенді, тәрбиелі жерден шыққаныңды ұмытпа ешқашан. Пендешілікке салынба. Кәсіби ізденуден шаршама. Аман жүр. Сәттілік тілеймін. Жолыңда тек жақсы адамдар жолығуына тілектеспін»,- деді өз сөзінде ұстазы Марат Әйтімов. 

Соңғы жаңалықтар