Димаш пен Данэлия америкалықтарды қайран қалдырды - продюсер Гауһар Нұртас

None
None
АСТАНА. - ҚазАқпарат - Америкалық The World's Best таланттар шоуының сарапшысы Гауһар Нұртас қазақстандық Димаш Құдайберген мен Данэлия Төлешованы АҚШ жұртшылығының қалай қабылдағанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Санаулы күндерден кейін CBS телеарнасында The World's Best жаһандық таланттар шоуы басталады. Оған Қазақстан атынан Димаш пен Данэлия алғаш рет қатысады. Сонымен бірге, әділ қазы алқасының құрамында қазақстандық продюсер, режиссер Hollywood Film Academy ® компаниясының негізін қалаушы Гауһар Нұртас бар.

Үміткерлерді басты үш төреші - Дрю Бэрримор, Ру Пол және Фэйт Хилл, сонымен бірге халықаралық сарапшылар тобы бағалайды. Отандасымыз Гауһар Нұртас дәл осы халықаралық топтың құрамына енген.

Гауһардың айтуынша, жоба түсірілімі әлі жалғасуда, алғашқы 10 эпизод 3 ақпаннан бастап CBS телеарнасында көрсетіле бастайды.

«CBS телеарнасы кәсіби тәжірибесі бар, сарапшы бола алатын адамдарға іздеу салды. Шоу ұйымдастырушылары Қазақстан консулдығына хабарласқанда менің аты-жөнімді естіген. Жоба туралы ақпарат ешкімге айтылмаған. Шоу болатынын ешкім білген жоқ. Күтпеген жерден ұйымдастырушылар маған хабарласып, жобаға 50 сарапшының бірі ретінде Қазақстан атынан қатысуды өтінді», - дейді Гауһар Нұртас.

Бұған дейін Г. Нұртас телевизиялық жобада қазылық етіп көрмеген. Алайда, ол ауқымды жобалар мен фестивальдерге продюсерлік еткенін, қазылар алқасын таңдауда тәжірибесі бар екенін атап өтті.

«Біраз жылдан бері Америкада тұрамын және Данэлия мені таң қалдырды. Оның кәсіби деңгейі жоғары және даусы зор. Данэлия болашақта үлкен жұлдызға айналады. Барлық сарапшылар осындай пікір айтты. Димашқа келсек, оны бәрі таниды, жақсы көреді. Димашты жанды дауыста тыңдаған тіпті әсерлі екен. Көрермендерге оның таланты ерекше ұнады», - деді ол.

Гауһар Нұртас Америкада ұзақ жыл тұрып, Қазақстан туралы дұрыс көзқарас қалыптастыруға тырысқанын жеткізді.

«Елімізді танытатын үлкен мүмкіндік туды. Енді әлем жұртшылығы Қазақстанды таланттар елі ретінде таниды», - дейді продюсер.

Сонымен бірге, ол алдағы жоспарларымен бөлісіп, жаңа жобалары жөнінде айтып берді. Америкалық таланттар шоуынан бөлек, Г. Нұртас Моңғолиямен бірлесіп, экшн-фильмге продюсерлік етуде. Аталған фильм биыл қазақстандық кинопрокатқа шығады.

Соңғы жаңалықтар