Димаш осы уақытқа дейін жеңімпаз екенін дәлелдеп шықты - ұстазы Марат Әйтімов

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Димаш Құдайбергенмен үнемі байланыста болып, ақыл-кеңес беріп отыратын ұстазы Марат Әйтімов шәкіртінің сөзсіз жеңімпаз екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Димаш Құдайбергеннің ұстазы Марат Әйтімов алыстағы шәкіртімен үнемі байланысып отырады. Ұстаз бен шәкірт бір-бірін түсінеді, сөзсіз ұғынады. Әсіресе, апта сайын жаңа ән орындап, үлкен сынақтан өткен Димаш үшін ұстазының ақыл-кеңесі ауадай қажет болды.

«Ол әр апта сайын хабарласып отырды десем, артық айтқан боламын. Димаш психологиялық жағынан қолдау керек болған кезде хабарласады. Ия, Димаш үшін барлық жағдай жасалған. Бірақ ол шетелде жүр. Әрі жаңа ән жаттау деген оңай шаруа емес. Кейбір әндер адамның дауысына жату үшін айлар керек болады. Ал бұл арада бір аптаның ішінде бір ән дайындау қажет. Ол оңай шаруа емес. Сонымен қатар, конкурс адамның жүйкесіне әсер етеді. Оның шаршап жүргенін Ақтөбеге келіп, кеткен кезінде байқағанмын»,- деді Марат Әйтімов.

Димаш Құдайберген «Singer 2017» байқауы кезінде Азияның ең танымал әншісі, Халықаралық деңгейде танымал әнші атанды. Мұның бәрі конкурс аясында қол жеткізген жетістігі.

«Аз уақыт ішінде Димаш танымал болды, биікке көтерілді. Биікке көтерілу оңай шаруа емес. Ондай нәрсені 22 жастағы жас жігіт түгілі, жасы үлкен адамның өзі де көтере алмай қалуы мүмкін. Димаштың жағдайын 200 пайызға түсінемін»,- деді ұстазы.

Марат Әйтімовтың айтуынша, Қытайдағы байқау Димаштың халықаралық деңгейде бағын ашқан. Бұған дейін «Славян базарына», «Шығыс базарына» қатысып, жеңіске жеткені бір бөлек. Себебі ол байқаулар бұрынғы Кеңес үкіметінің елдерінде өтті. Ал Қытай елінің сахнасы Димаштың деңгейін көтеріп, әлемге танылуына септігін тигізді.

«Жалпы Димаш анау-мынау адам емес. Өзім балаларымды онша мақтамаймын. Бірақ мойындау керек. Ертең ол жеңсе жеңер, жеңбесе жеңбес, бірақ бәрібір осы уақытта жеңімпаз екенін дәлелдеп шықты»,-деді Марат Әйтімов.

Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония мен Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде жұмыс істеп жүрген ұстазға бірер айда Ресей мен Қырғызстан студенттері хабарласты. Олар әлемге танымал шәкірт тәрбиелеген ұстаздан тәлім алып, өнерін шыңдағысы келеді. Өз ісінің шебері, ұстаз бұл ұсыныстардың бәрінен бас тартты.

«Студенттердің барлығы өз еліндегі жоғары оқу орнында білім алады. Біздің Ақтөбеде жоғары білімді әнші дайындайтын оқу орны жоқ. Оларға осыны түсіндіріп айттым. Сонымен қатар, «баламды тәрбиеле» деп ұсыныс айтатындар көбейді. Бірақ келіспедім. Уақытым жоқ. Бұрыннан көп еді, қазір тіпті көп. Кішкентай балалар да, жасы үлкен апалар мен ағалар да бар. «Жақсылап төлейміз, дайында» деп айтады. Ештеңенің мәнісін білмейтін адамдар ғана «бір айда бәрін үйреніп шығам» деп ойлауы мүмкін. Бұл деген ауыр, бейнетті еңбек. Сондықтан сабақ беретін студенттерімнен, филармониядағы жұмысымнан ауыспаймын. Алдағы 6-7 ай көлемінде жеке сабақ бермеймін»,- деді М.Әйтімов.

Соңғы жаңалықтар