Димаш «Өмір» атты жаңа бейнеклипін жариялады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Димаш Құдайберген 24 мамыр күні – өзінің туған күнінде «Өмір» атты жаңа музыкалық композициясын жариялады. Әнді барша жанкүйерлерге арнаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.

«Өмір» – Димаш Құдайбергеннің терең де әсерлі композиторлық туындысы. Онда әртіс өз-өзімен іштей монолог жүргізіп, өмірді кезең-кезеңге сұрыптап, сол туралы әңгімелейді.

Бейнебаян MOOD video жанрында түсірілген.

Клипті қарау кезінде көрермен проекторы бар кішкентай қараңғы бөлмеге көшеді. Онда Димашпен бірге оның өміріндегі ең жарқын сәттерді тамашалайды: алаңсыз балалық шақ, музыкалық байқаулар, «I am Singer» байқауындағы жеңісі, оның сүйікті Dears, қызықты адамдармен таныстық және ұмытылмас концерттері туралы…

«Өмір» – әуені де, сөзі де менің ішкі дүниемнен алғаш шыққан туынды. Менің туған күніме арналған шығарма. Оны су бетіндегі алапат толқындарға, ызғарлы дауылға қарсы тұруыма ықпал еткен барша тыңдарманыма арнаймын. Бұл туынды менің өмірім туралы», – деп бөлісті әртіс.

Еске салайық, 24 мамырда Димаш Құдайберген туған күнін атап өтті. Әртіс 29 жасқа толды. Бүгін Нью-Йорк қаласындағы Таймс-сквер алаңында үлкен экраннан Д.Құдайбергеннің фотолары көрсетілді.

Сондай-ақ Астана қаласындағы зәулім ғимараттардың бірінің сыртында Димаш туралы видеоролик көрсетілді. Құттықтауды Jibek Joly телеарнасы дайындаған.


Соңғы жаңалықтар