Димаш Ниязов елірген қарсыласын сабасына түсірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йорктың үздік полицейі, Шымкенттің тумасы - Димаш Ниязов (11-0-3, 5КО) туған жеріндегі алғашқы жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. Сөйтіп, күні кеше төбелес іздеген қарсыласы - Эдуардо Перейраны (22-4-0,18 КО) сабасына түсірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші раундта екі боксшы баяу қимылдап, бір-бірін әбден барлады. Дегенмен, бразилиялық боксшы кейінгі раундтарда да өз ұстанымын өзгерткен жоқ.

Димаш Ниязов болса, ширақ қимылдады. Джебтерін оңай жеткізіп, сериялық соққыларын да дарыта білді. Эдуардо Перейра қазақтың Димашын ығыстырып, қысым жасап көрді. Алайда «Нью-Йорктың үздік полицейі» қарсыласының барлық шабуылдарына шебер жауап беріп, қарымта соққылар жасап отырды. Ал алтыншы раундта Перейраны бір-екі рет есеңгіретіп тастады. Жанкүйерлер нокаут көре алмаса да, Димаш ұпай санымен жеңіп, өзіне артылған үмітті ақтады.

«Барлығына алғысымды айтамын. Сәл жарақат алдым, ең бастысы, аманмын. Жанкүйерлеріме ұнасам, Қазақстанға жиі келіп, жекпе-жектерімді өткізуге дайынмын», - дейді Димаш Ниязов.

Айта кетейік, кешегі салмақ өлшеу рәсімі кезінде Димаш Ниязов өз қарсыласымен төбелесіп қала жаздады. Эдуардо Перейра көз арбасып тұрғанда ілігісе кетті. Бірақ Димаш өзінің сыпайы мінезінен айныған жоқ.

Бразилиялықтың осы бір әрекетіне намыстанған Нұрсұлтан Жаңабаев салмақ өлшеуге шыққанда өз қарсыласына: «Көр де тұр, ертең сенің белбеуіңді алып қоямын!», - деп айқай салды.

Бүгінгі бокс кешінің басты жекпе-жегінде Қанат Ислам (24-0, 19КО) канадалық Брэндон Кукке (18-0, 11КО) қарсы шығады. Олар бірінші орта салмақтағы WBA Inter-Continental және WBO-NABO нұсқасының чемпиондық атақтарын сарапқа салады. Бокс кешін «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетіп жатыр. 20:00-де «Qazaqstan» ұлттық арнасынан да тікелей эфирге шығады. Бұдан бөлек, Fite.tv интернет арнасы, сондай-ақ TVtibi мен Flipps арқылы тікелей репортаждар жүрігізіледі.

Алғашқы жекпе-жекте қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов бір минуттың ішінде өз қарсыласын нокаутпен жеңді.

Соңғы жаңалықтар