Димаш Құдайбергеннің шетелдік фанаттары Бурабайда болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері Бурабай курортында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы «Visit Aqmola» туристік ақпарат орталығының мәліметінше, бір кездері Димаштың алғашқы концерттері осында өткен.

«Талантымен әлемді тәнті еткен Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері мен фанаттары Нұр-Сұлтан қаласында өткен концерттен кейін Қазақстанның інжу-маржаны - Бурабай курортына келіп демалды. Қонақтардың арасында Қытай, Тайвань, Швеция, Франция, Италия, Словения, Дания, Түркия, Мальта, Ирландия, Финляндия, Жаңа Зеландия және Хорватия елдерінен 27 шетелдік бар», - дейді ведомстводан.

Қонақтар үшін Бурабайдың киелі жерлері, оның ішінде Абылай хан алаңы, «Хан асуы», Бөлектау төбесіне шығу тәрізді көрікті жерлерге саяхат ұйымдастырылды.

«Ақмола облысының туризм басқармасы мен демалыс және туризм индустриясы қауымдастығы қонақтарға Ақмола облысының туристік әлеуеті туралы айтып берді. Меймандар Бурабай курортындағы 12 мың көрермен жайғаса алатын халықаралық деңгейдегі трамплин кешенімен танысты. Жанкүйерлері сүйікті әншісі Димаштың концертін алдағы уақытта осы Бурабай курортында өткізу туралы ұсыныс айтты», - деп толықтырды ведомстводан.

Шетелдіктерге өңірдің курорттық әлеуеті туралы естелік сыйлықтар үлестірілді. Димаштың жанкүйерлеріне Бурабай курортына саяхат ұйымдастырған жобаның жетекшісі Мейрамгүл Балғожина шексіз алғысын білдірді.

Соңғы жаңалықтар