Димаш Құдайбергеннің концертіне 64 елден тыңдармандар келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дәл қазір отандық танымал әнші Димаш Құдайбергеннің елордада өтетін жеке концертінің соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Осы тұрғыда концертке дайындық барысымен ҚазАқпарат тілшісі танысып келген болатын.

«Біз қазір соңғы дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Концерттің жоғары деңгейде өтуі үшін көптеген мамандар еңбек етуде. Бәрі де ойдағыдай өтеді деген ниеттемін. Концерттің басты ерекшелігі - оның өз Отанымда өтуі. Ал оның барысына келсек, жанкүйерлерім біледі - мен орындамай жатып, былай жасаймын деп алдын ала айтқанды ұната бермеймін. Айтарым - жеке концертімде көптеген жаңа әндерді орындаймын», - деді Д. Құдайберген.

Оның айтуынша, жаңа әндердің дені қазақ тілінде жазылған.

«Ана тіліміздегі әндерден бөлек, америкалық және еуропалық композиторлардың мен үшін арнайы жазған әндерін орындаймын. Және әрбір қойылымда бір-біріне ұқсамайтын өзіндік ерекше этюдтер болады. Яғни әрбір әнге жекелеген айрықша қойылым жасалуда», -деді ол.

Сондай-ақ, әнші концерт дайындығына 500-ден астам жоғары кәсіби маман тартылғанын және кеш үшін арнайы 150 сахналық костюм тігілгенін тілге тиек етті.

«Жоғары деңгейдегі қойылымдық нөмірлер үшін балет труппасына халықаралық алаңдарда өнер көрсетіп жүрген еліміздің ең үздік бишілері мен акробаттары тартылды. Оның ішінде, «Notre dame de Paris» мюзиклінің әртістері, «Танцы на ТНТ» жобасының қатысушылары және батуттық гимнастика бойынша спорт шеберлері бар», - деді Д. Құдайберген.

Айта кетейік, Д. Құдайбергеннің «Арнау» атты жеке концерті 29 маусым күні елордадағы «Астана Арена» стадионында өтеді. Ал телекөрермендер үшін 6 шілде күні «Астана күні» мерекесіне орай «Qazaqstan» ұлттық арнасынан көрсетіледі.

Концерт ұйымдастырушыларының айтуынша, кеш билеттерін әлемнің 64 елінен 10 мыңға жуық тыңдарман сатып алған. Оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия, Мексика, Канада, Австралия, Швейцария, Малайзия, Сингапур, Африка, Египет, Израиль және Марокко сынды алыс мемлекеттердің тыңдармандары бар.

null

Соңғы жаңалықтар