Димаш Құдайбергеннің әкесі оқыған мектеп адам шошырлық күйде

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Ембі қаласындағы №2 орта мектеп 40 жыл бойы жөнделмеген. Терезе әйнектері құранды, едені шұрық тесік, мәжіліс залы мен асханасы бар мектепте Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев та білім алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданына қарасты Ембі қаласында 5 мектеп бар. №7 мектеп-интернатқа бір ғасырлық уақыт болып, өткен жылы күрделі жөндеуден өтті. Бірақ балалар үшін бұл мектеп-интернатта спорт зал қарастырылмаған. Ал №2 орта мектеп 40 жыл бойы жөнделмей, адам шошырлық күйге түсті. Есік-терезесі сықырлап, едені шұрық тесік болған мектепте 499 оқушы білім алып жүр. Ұстаздар келер жылы күрделі жөндеу жүргізіледі деп үміттеніп отыр.

«Мектеп 1977 жылы салынды. Оқушылар екі ауысымда білім алады. Барлығы 67 мұғалім бар. Жыл сайын қарапайым жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал келер жылы күрделі жөндеу жүргізіледі деген жоспар бар. Шатырын ауыстыру, есік, терезесін жаңалау, еденін қалпына келтіру қажет. 2017-2018 жылдары сыныптарға парта, тақта әкелінді. Мектептегі информатика кабинетінде 19, ал мультимедиялық кабинетте 13 компьютер бар», - деді Ембі қалалық №2 орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Серік Әлиев.

Көктем пен күзде жаңбыр жауып, қар ерігенде мектептің төбесінен су ағады. Мектеп ұжымы жыл сайын өз күштерімен жөндеп, жамап қойғанымен барлық тетікті қалпына келтіру мүмкін емес.

«Спорт зал, мәжіліс залы мен асхананың төбесінен су ағады. Мәжіліс залы мен асханасы бір жерде орналасқан. Мектеп салынған жылдан бастап күрделі жөндеу жүргізілмегені шындық. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжат дайындалды»,- деді мектеп директорының орынбасары Бақыт Жарықова.
null null





Төбеден су ақса да бұл мектепте дене шынықтыру пәні кейінге қалдырылған емес. Мектеп әкімшілігі адам төзгісіз жағдай болған емес деп сендіріп отыр.

«Бұл мектепте Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев оқыды. Ал әжесі Миуа апа география пәнінен сабақ берді. Директорымыз Қанат Айтбаевпен хабарласып, «Түлек» жобасы аясында көмек беруін сұрады. Бірақ нәтижесі қалай болғанын айта алмаймын. Әнші Қанат Айтбаев өзі оқыған мектебіне келген емес», - деді Бақыт Жарықова.

Айта кетейік, бұл мектептің жағдайымен Ембі қаласының әкімі Әлімжан Қорғанбай хабардар. Келер жылы ескі мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі деп мәлімет берді.

«№2 орта мектепті жөндеу жұмыстарына 250 миллион теңге қаржы қажет. Есігін, терезесін, еденін ауыстыру керек. Күрделі жөндеу жүргізіледі. Биыл аудан әкімі келіп, мектептің жағдайын көріп кетті»,- деді қала әкімі Әлімжан Қорғанбай. 

Соңғы жаңалықтар