Димаш Құдайберген «Виктория» музыка байқауының финалына шықты

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - 3 желтоқсанда Ресейдің «Виктория» ұлттық музыка сыйлығы тапсырылады. Әнші Димаш Құдайберген байқаудың «Үздік поп әнші» аталымында Your love әнімен ұсынылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат байқаудың сайтына сілтеме жасап.

«Виктория» сыйлығын тапсыру рәсімі Кремль сарайында өтеді. Биылғы байқауда көрермен болмайды. Алайда концерттің телевизия нұсқасы 18 қаңтарда «Россия-1» телеарнасы көрсетеді.

«Виктория» сыйлығын ақын, меценат Михаил Гуцериев, композитор, продюсер Игорь Крутой, жазушы, медиа-менеджер Юрий Костиндер ұйымдастырған.

Финалға шыққандар «Үздік жыл әні», «Үздік поп әнші», «Үздік хип-хоп орындаушы», «Үздік рок-группа немес рок әнші», «Жыл композиторы», «Жыл ақыны» секілді 14 номинацияда бақ сынайды. Онда қазіргі заманауи музыканың барлық бағыты қамтылған.

2020 жылы әртістердің көбі онлайн концерт қоюға мәжбүр болды. Сондықтан ұйымдастыру комитеті «Жылдың онлайн концерті» деген аталым ашты.

Байқау сахнасына Niletto, Филипп Киркоров пен Dava, Полина Гагарина, Artik&Asti, «Виктория-2019» сыйлығының иегерлері Димаш Құдайберген мен Zivert; Николай Басков, Артем Качер, Polina және биыл әндері Ресейде хитке айналған өнерпаздар бар.

Еске сала кетсек, Димаш Құдайберген биылғы Junior Eurovision байқауында Қазақстан намысын қорғайтын 12 жасар әнші Қарақат Башановамен кездесті.

Халықаралық ән сайысы 29 қараша, сенбі күні Варшавада өтеді. Жас өнерпазбен әлемге әйгілі әнші 2019 жылдан бері таныс. Ол кезде Димаштың туған қаласы Ақтөбеде Baqytty Bala байқауы өтіп, Қарақат үшінші орын иеленген болатын.

Айта кетерлігі, Қарақат - Junior Eurovision байқауына Қазақстан атынан қатысып отырған үшінші өнерпаз. Бұған дейін Данелия Төлешова (2018 жылы) бақ сынап, алтыншы орынға ие болды. Өткен жылы бұл конкурстың екінші орнын Ержан Максим жеңіп алды.


Соңғы жаңалықтар