Димаш Құдайберген Вaqytty Bala халықаралық фестивалінің жүлдегеріне сый жасады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Baqytty Bala халықаралық фестивалінің жеңімпаздары анықталды. Әнші Димаш Құдайберген жеке концертінде өнер көрсетуге лайықты жүлдегерді таңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вaqytty Bala халықаралық фестиваліне әдемнің жеті елінен өнерпаз келді. Барлығы 20 әнші екі күн бойы сахнада өнер көрсетті. Алдымен ана тілінде, кейін әлем хиттерін орындады. Ал бүгін Ақтөбедегі Өнер орталығында гала концерт өтті.
«Пандемияға байланысты былтыр фестивальді өткізе алмадық. Биыл да ұйымдастыру оңайға түскен жоқ. Дегенмен «өзімізге керек» деген ұйғарыммен өткізуді жөн көрдік. Кең даланы иемденген көшпенділердің ұрпағы ретінде өзіміздің тарихымыз бен мәдениетімізді, өнерімізді биылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдығында тағы бір рет таныстыруды жөн көрдік. Тек Ақтөбе, Қазақстан емес, шетел де қызығушылық танытып отыр. Жас талантқа, көрерменге, өнерге қажет дүние. Вaqytty Balа - ән мерекесі жас таланаттар ұстаханасына айналды. Жыл өткен сайын күш алып келеді. Өнер сайысы көп дарынды анықтап, жыл сайын қатысушылар шеңбері мен деңгейі кеңейіп келеді. Сөз басында көшпенділер өнерін дамытқан ұрпақпыз деп айттым. Оны жалғастырып, қазақ өнерін қазіргі заманға сәйкестендірген жерлесіміз атақты Ахмет Жұбанов болса, дүниежүзіне танымал еткен Димаш. Байқауды өткізуге Димаш белсенді қатысты. Осы арқылы жас таланттарды анықтауға үлес қосты»,- деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Фестивальдің гран приін Тараз қаласынан келген Айлун Зулушева иеленді. Ал Димаш Құдайбергеннің жеке концертінде ән шырқау құрметі Нұр - Сұлтан қаласынан келген Адел Қуандықоваға бұйырды.
«Балапандарымыздың үлкен сахнада емін-еркін жүріп, үлкен өнерге қадам басуына сәл де болса мұрындық болсақ дейміз. Біздің мақсатымыз осы. Шетелде, үлкен стадионда өтетін жеке шығармашылық кешімде өнер көрсетуге бір бүлдіршінді таңдаймын, халыққа таныстырамын. Бұл балалардың қай-қайсысы да өте мықты. Арасынан мықтысын анықтау өте қиын болды. Бұрын байқауда бәрі бір деңгейде өнер көрсетіп келе жатып, арасында екі-үшеуі суырылып, ерекше өнер көрсетіп, жеңіске жететін. Бұл жолы бәрі бір-бірінен озып тұр. Жеңілген бала жоқ деп ойлаймын... Келесі концертіме Адел Қуандықова барады»,- деді Димаш Құдайберген.


Соңғы жаңалықтар