Димаш Құдайберген туристер арасында Ақтөбе облысының танымалдығын еселеді - Оңдасын Оразалин

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Өңір басшысы Оңдасын Оразалин ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяомен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында әлеуметтік-экономикалық, білім, мәдени қарым-қатынастар жайы сөз болды. Аймақ басшысы Ақтөбе өңіріне алғаш рет келген Чжан Сяоға облыстың даму жолын айтып берді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапары кезінде Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда және экономикалық әріптестерінің бірі болғанын мәлімдеді. Биылғы жылдың 8 айында Қытай мен Ақтөбе облысы арасындағы тауар айналымы 664,6 млн АҚШ долларын құрап, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34% өскенін көрсетті», - деп атап өтті Оңдасын Оразалин. Қазақстан Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келісім аясында Ақтөбе облысында 695 млн АҚШ долларын құрайтын 4 жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, Оңдасын Оразалин жоғары технологиялық жобалар ашуға ниетті инвесторларға толық жағдай жасалатындығын, ал инвесторлар тарапынан қызметкерлердің жалақысын арттыру, қызметкерлерді оқыту, қауіпсіздік техникасы мен экологиялық талаптар сақталуы тиіс екендігін айтты. «Ақтөбе облысының мақтанышы Димаш Құдайберген алғаш рет Қытайда әлемге танымал болды. Қытайдың жанкүйерлері әлем бойынша Димашпен бірге жүреді. Осының бәрі туристер арасында Ақтөбе облысының танымалдығын еселеп көтереді», - деді өңір басшысы. Өз кезегінде ҚХР Қазақстандаүы Төтенше және Өкілетті Елшісі Елбасы Н.Назарбаевтың 27 жыл бойы екі мемлекеттің достық қарым-қатынасын нығайтуға қосқан зор үлесі мен үлгілі сара жолын әрі қарай да жалғастыру қажет екенін жеткізді. Елші сондай-ақ, инвесторларға қатысты айтылған пікірмен келісетіндігін және осы бағытта жұмыстар жасалатындығын айтты. Жиын соңында облыс басшысы бұл кездесу екіжақты мәдени, білім, әлеуметтік экономикалық саланың дамуына септігін тигізеріне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар