Димаш Құдайберген танымал Mask Singer шоуында өнер көрсетті
2019 жылғы 5 қараша 08:57

Димаш Құдайберген танымал Mask Singer шоуында өнер көрсетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақтың танымал әншісі Димаш Құдайберген Қытайда өткен Бетперде киген әнші (Mask Singer) шоуына қатысты. Шоу бірнеше сағат бұрын Қытай телевидениесінің эфирінен көрсетілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА әншінің Instagram парақшасына сілтеме жасап.

Жоба эфирге шыққанға дейін әнші әлеуметтік желіге ондағы суреттерін жариялады, ал эфир күні өзі айтқан әннің үзіндісін бөлісті. Димаш Құдайберген шоуда Қыран бейнесінде бірнеше ән айтты.

Mask Singer – қытайдың вокалдық реалити шоуы. Оған қатысқан танымал тұлғалар өзін танытпас үшін бетперде киіп алады. Шоуды Ли Хао жүргізеді. Әншілердің өнерін қазылар алқасы бағалап отырады. Шоудың тұсаукесері 2016 жылғы 18 қыркүйекте Jiangsu Television-да болған.

Димаштың бейнежазбасын сегіз сағатта 114 мың адам көрген.

Былтыр дарынды әнші қытайдың iQiYi платформасына шығатын «Idol Hits» шоуына қатысқан. Онда Димаш рэп оқып, жанкүйерлерін таңғалдырған.

Алда Димаш Құдайберген Жапониядағы ABU TV Song Festival 2019 жобасына арнайы шақырылған қонақ ретінде қатысады. Концерт Токиода 19 қарашада болады.

Ал 10 желтоқсанда әнші Нью-Йорктегі Barclays Center-де « Arnau tour ENVOY « концертін өткізеді.

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT