Димаш Құдайберген концертінен түскен қаражатты Түркиядағы зардап шеккендерге аударады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген «Stranger» әлемнің турнесінен түскен қаражаттың бір бөлігін Түркияда зілзаладан зардап шеккендерге аударады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақ халқына бауырлас, ағайын ел болып саналатын Түркиядағы, Сириядағы және басқа да елдерде табиғаттың залалынан көптеген адамның қаза тапқанын естідік. Әрине, зор күйзеліспен қабылдап отырмыз. Барлық дүние салған адамдардың жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Ауыр халде күй кешіп жатқан бауырларымызға тезірек сауығып кетуін тілейміз», - деді қазақстандық әнші өзінің Instagram парақшасында.

Осы тұста әнші әлем бойынша ұйымдастырлып жатқан жеке кештерінен түскен қаражаттың бір бөлігін зардап шеккен отбасыларға көмек ретінде аударатынын айтты.

«Әр отбасыға аманшылық тілеймін. Аспанымыз ашық, әлем атты ортақ үйіміз апат пен зілзаладан аман болсын. Елімізде, әлемде тыныштық болсын! Барша әлем халқы бақытты болсын!», - дейді Димаш Құдайберген.

Айта кетейік, бүгін қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер борты Газиантеп қаласына қонады.

Соңғы деректер бойынша, Түркияда зілзаладан көз жұмған адамдар саны 3419 адамға жетті, 20534 адам жарақат алды.

Фото: instagram.com/kudaibergenov.dimash


Соңғы жаңалықтар