Димаш Құдайберген бүгін 26-ға толды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 24 мамырда аты әлемге әйгілі қазақстандық әнші, сазгер, мультиинструменталист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Димаш Құдайбергеннің туған күні. ҚазАқпарат тілшісі оның шығармашылық жолына шолу жасайды.

Димаш Құдайберген кішкентай кезінен сахнаға шығып, әсем әндерімен көрерменнің жүрегін жаулаған. Бүгінгі таңда ол елімізге ғана емес, әлемге танымал әнші. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі оның жанкүйерлері әндерін тыңдап, шығармашылық жолын назардан тыс қалдырмайды.

Димаш (Дінмұхаммед) Қанатұлы 1994 жылы 24 мамыр күні Ақтөбеде әнші Света мен Қанат Айтбаевтардың отбасында дүниеге келді. Ол ата-әжесінің тәрбиесінде болған.

Оның шығармашылық жолы бала кезден басталды. Сахнада ән айтып, фортепианода ойнап, әртүрлі байқауға қатысқан.

2000 жылы, 6 жасар кезінде республикалық «Айналайын» балалар байқауында «Фортепиано» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленген.

Жас әнші алты октаваны қамти алатын вокалдық кең диапазонымен ерекшеленеді.

2015 жылы ол Витебскте өткен «Славян базары» халықаралық байқауына қатысып, бас жүлде иеленді.


Бұл байқауда ол «Дайдидау», «Метель» және «SOS d’un terrien en detresse» әндерін шырқап, көрерменнің таңдайын қақтырды. Дәл осы жылы ол «Жыл адамы» жалпыұлттық бағдарламасы аясында «Жыл әншісі» атанды.

Ол 2016 жылы алғаш «Ұмытылмас күн» турнесін өткізді. Алғашқы турнесін ол Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап, еліміздің 25 аймағында 25 концерт өткізді.



Димашқа әлемдік деңгейде танымалдық алып келген 2017 жыл. «Hunan TV» қытайлық телеарнада өткен «I am Singer» вокалдық байқауының бесінші кезеңіне қатысуы еді.


Бұл байқауда ол екінші орын алды, тіпті байқауға қатысқан кезең «Қазақстан мен Қытай арасындағы көпір» аталып кетті.

Сәл кейінірек Шанхайда өткен ERC Chinese Top Ten Awards музыкалық шарасында «Азиядағы ең танымал әнші» номинациясын жеңіп алды. Ол осымен тоқтап қалмай, қытайлық «Естеліктер шайқасы» кинофильмінің саундтрегін жазды. Саундтрек шыққан күні-ақ қытайлық ән сайттарында тыңдалым бойынша алдыңғы орында тұрды.



ЕХРО-2017 Халықаралық көрме аясында ол алғаш рет ауқымы кең жеке концертін өткізді. «Bastau» деп аталатын концертіне қазақстандық және шетелдік көрермендер қатысты.


Былтыр Димаш Құдайберген елордада «Арнау» атты жеке концертін өткізді. Оған 64 мемлекеттен Димаштың жанкүйерлері келді.


Сондай-ақ, өткен жылы ол Нью-Йоркте 20 мың көрерменге арналған Браклайс орталығында концерт қойды.

Елге оралғаннан кейін ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. Сонымен қатар, ол Қытайдың үздік әртісі атанды.

Ол Латвияның астанасы Ригада еуротур аясында концерт өткізді. Аты аңызға айналған «Арена Рига» стадионына 30 мемлекеттен жанкүйері келді.

Биыл ол коронавирус инфекциясына байланысты Еуропада болатын турларын тоқтатып, індетпен алдыңғы шепте күресіп жүргендер дәрігерлерге ән арнады.


Димаштың туған күніне орай қытайлық жанкүйерлері 2 780 ағаш екті .


Соңғы жаңалықтар