Димаш Құдайберген «Ақтөбенің 150 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің 150 жылдық концертіне қатысқан әнші Димаш Құдайберген мерекелік медальмен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе сахнасына шығып, өз ұстаздары мен жерлестеріне алғыс айтқан әнші Димаш Құдайберген 150 жылдыққа арналған концертте тосынсый болды. Бұл күні эстрада жұлдыздары концерт қойып, өңір басшысы ақтөбеліктерге құттықтау сөзін арнады.null

«150 жылдың ішінде Ақтөбе қазақтың ен даласынан орын алған кішкентай бекіністен ірі мегаполистің біріне айналды. Тек тәуелсіздік жылдарының өзінде әлеуеті өсіп, көрсеткіштері жоғары болды. Ақтөбе қаласы 1 триллионнан астам өнім өндіріп, 6 миллион шаршы метр тұрғын үй тапсырып, қаланың саны екі есе өсті. Бұл Елбасы айтқан «Ақтөбе - құтты мекен» деген сөздің айғағы. Басты байлығымыз - адамдар. Олар өз еңбегімен қаланың өркендеуіне үлес қосып жүр», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Кейін өңір дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға «Ақтөбенің 150 жылдығы» төсбелгісін тақты. Олардың арасында философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы, прокуратура ардагері Мария Тәжібаева, үшінші шақырылымдағы қалалық мәслихат хатшысы Хабиба Сарқұлова, Еңбек Ері Құралай Байменов, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Арман Есенжолов секілді онға жуық азамат бар.

Халық қошеметіне бөленген әнші Димаш Құдайберген де «Ақтөбенің 150 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды. Кейін өзі «Əн тербеткен Ақтөбем» республикалық авторлық әндер байқауының жеңімпаздарын марапаттады.null

Бас жүлдені «Құтты мекен - Ақтөбем» əнінің композиторы əрі өңдеушісі Марат Жанғазы мен ақын Орал-Қосай Байсеңгір жеңіп алды. Əнді танымал əншілер Жадыра Арыстанова, Венера Алпысбаева, Саламат Мұқашев, Есен Ырза орындады.

Жеңімпаздар арнайы диплом мен 1 000 000 теңгенің сертификатына ие болды.

Соңғы жаңалықтар