Димаш домбыра тартуды дәстүрлі түрде үйренді - Жайлау Асылханов

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қытайда өтіп жатқан «Singer-2017» ән байқауында Димаш Құдайберген «Дайдидау» әнін орындамас бұрын «Адай» күйін тартты. Ол домбыраны атақты күйші, зерттеуші Жайлау Асылхановтан нотамен емес, естіп үйренген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.    

Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледждің оқытушысы Жайлау Асылхановты көпшілік күйші, зерттеуші деп біледі. Ұстаз Қазанғаптың күйлерін зерттеп, «Бұраң бел Балжан, өтті-ау, кетті-ау» күйін алғаш рет сахнаға алып шыққан болатын. 90-жылдардың аяғында елімізде алғаш боп «Димаш Әли» студиясында аудиожазбасын шығарып, халық арасына кассеталар кең тарады. Дәл сол күйлер жинағы арада он жылдан астам уақыт өтіп, дискке қайта басылып шықты. Бұл күйші Жайлау Асылханов пен Қанат Айтбаев еңбегінің ортақ жемісі болды.

«1998 жылы Қанат Айтбаев келіп, «Димаш Әли» студиясы ашылып жатыр, Қазанғаптың күйінен үнтаспа шығарсақ» деген ұсынысын айтты. Қуандым. Бір ай бойы Қанат Айтбаевтың үйіндегі студияға күй жаздырып, «Күйдің пірі - Қазанғап» деген таспа шықты. Халыққа тарады, бәріне ұнады. Соның бәрі менің жүрегіме жылылық сыйлады. Екі арадағы байланыс осылай басталды. Ол кезде Димаш кішкентай бала. Меніңше, кішкентайынан күйдің күмбірі құлағына сіңген болуы керек. Сонымен қатар, әкесі Қанат, атасы Құбайберген де домбыра тартады»,- деді Ж.Асылханов.

Екі өнер адамының байланысы жыл өткен сайын нығайып, Димаш 8 сыныптан бастап Жайлау Асылхановтың үйірмесіне қатысты, жеке сабақ алды. Ол «Адай» күйін дәстүрлі күй өнерімен үйренді.

«Мен күй тартамын, ол тыңдап отырып, кейін қайталайды. А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжге түскенде де келді, сабақ алды. Өткен жылы қыркүйекте келді. Ол кезде сабақ өтіп жатты. Сол кезде Димаш: «Ағайдың қадірін біліңдер, біздер үйрендік, бірақ әлі де көп сабақ алуымыз керек екен. Сендер Астанаға барғанда да осы кісіден артық ешкімді таппайсыңдар. Сабақтан қалмаңдар», - деп айтып кетті. Сол кезден бастап студенттер жинақталып, ынталары арта түсті. Жақсы сөз басқа балалардың өсуіне ықпал етті», - деді Ж.Асылханов.

«Singer-2017» байқауындағы Димаштың жетістігі домбыраға деген құрметті арттыра түсті. Димаштың анасы Света Айтбаеваның студенттермен кездесуінде «Домбыра тартуды Жайлау Асылхановтан үйренді» деген бір ауыз сөзі жастарға ой сала бастады.

«Әдетте аман-саулық сұрамайтын балалар да кідіріп, амандасатын болды. Домбырада оқымайтын балалар домбыра тартуды үйренгісі келетінін айтты. Ал оқып жүрген балалар дайындықты күшейтіп, ынтасын арттырды. Бұл жақсы үгіт, насихат болды. Жастарға өз қатары жақсы әсер етеді. 3-4 адам хабарласты, домбыра тартуды үйренгісі келетінін айтты. Қуандым, менің балам Қытайға барып, халық алдында күй тартып, әнмен бірге домбыраны қалдырмағаны үшін. Димаш арқылы халықтың домбыраға, күйге деген махаббаты оятып жатса, тек қуану керек. Ол ата-бабасының қанымен келген өнер. Ән айтады, домбыра тартады. Нағыз талант»,- деді ұстазы.

Күйшінің айтуынша, «Күйдің пірі - Қазанғап» таспасының шығарылуы да тегін емес. 90-жылдардағы қиын кезде ұлттық өнерді дәріптеп, сол кездері үй ішінде орналасқан студиядағы жұмыстың Қазанғап күйлерін жинақтаудан бастағалғында да бір үндестік бар. «Қазақпыз, аталарымыздың аруағы риза болған болар деп ойлаймын мен. Соған мен қуанамын. Қытай сахнасында «Адай» күйін тартты, көпті таң қалдырды. Домбыраны алып жүріп өзінің қазақ екенін көрсетті, ұлтымыздың рухын көтерді. Барлық әнші осындай болса ғой... Бәрі домбыра тарта алса екен дейміз. Қазір Димаш үлгі болып тұр. Ол тек әлемге танылған әнші емес, қазақтың өнерін арқалаған азамат»,- деді күйші.

Соңғы жаңалықтар