«Димаш» брендімен интернет-дүкен ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің брендімен интернет-дүкен жұмыс істей бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Димаш» атты интернет-дүкеннің тауарларын халыққа жеткізу мақсатында бүгін «Қазпошта» АҚ басшылығы мен әншінің әкесі Қанат Айтбаевтың арасында серіктестік туралы келісім жасалды.

«Қазпошта «Димаш» атты интернет-дүкеннің жұмысын алға бастырып, тауарларын тұтынушыларға жеткізуге көмек көрсететін болады. Қазір олар шәй мен киімдер топтамасын шығара бастады. Алдағы уақытта дүкенде Димаштың шығармашылығына арналған кәдесыйлар да сатылатын болады. Димаш Құдайберген - бұл бренд, әлемдік деңгейдегі жұлдыз, біздің елімізді әлемдік сахнада танытып жүрген тұлға», - деп жазды «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов Фейсбуктегі парақшасында.

Сондай-ақ ол жас әншінің интернет-дүкені Қазақстанда және шетелде электрондық сауданың дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген өткен жылдан бері «Қазпоштаның» келбеті болып табылады.

Димаш Құдайберген - Витебск қаласында өткен «Славян базары-2015» байқауының Гран-при, MTV Music Awards премияларының иегері, номинациялары: «Азияның ең танымал әншісі», «Халықаралық деңдейдегі ең танымал әнші», «Жылдың ең үздік әншісі» және «Ең танымал шетел әншісі». Димаш Қытайда өткен  Singer-2017  байқауының финалында екінші орын алып, әлемдік деңгейдегі танымалдыққа ие болды.

Соңғы жаңалықтар