Димаш байқауда қазақ тілінде де ән айтады - Светлана Айтбаева

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қытайлық Хунан телеарнасының «Singer2017» байқауының алдағы кезеңдерінде Димаш Құдайберген қазақ тілінде де ән айтады. Бұл туралы оның анасы Светлана Айтбаева Ақтөбе жастарымен, студенттермен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.    

«Қазіргі кезде Димашқа сіздердің қолдауларыңыз қажет. Материалдық жағынан емес, рухани демеу керек. Бұл қиын, жауапкершілігі жоғары байқау. Себебі, 14 турдан тұрады. Әр турда жаңа ән айтылады. Әнді ұйымдастырушылар таңдайды. Әнді жеткізе орындауда, образды алып шығуда сіздердің ықыластарыңыз дем береді. Ал Ақтөбедегі алғашқы кездесу Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжден басталуы, қуантты. Белсенді Амир Ибрагим «Біз қалай көмектесе аламыз?» деп сұрады. Сөйтіп, хаттар, бейнесәлемдемелер жолдай бастады. Олардың арасында жастар да, ұстаздары да бар»,- деді Димаштың анасы Светлана Айтбаева.

Ақтөбеліктер Димаш Құдайбергенге әр күн сайын жақсы тілектері мен лебіздерін жеткізіп отырады. Мұны оның ата-анасы Қанат пен Света Айтбаевтар да біліп, ризашылығын білдіріп отыр.

«Байқау өте қиын. Әр тур сайын өзге тілде ән шырқайды. Ең қиыны қытай тілінде ән айту болды. Димаш оны да үйреніп, меңгеріп алды. Сенбі күні барлығымыз нәтижесін көреміз. Бір айта кететін жайт, ол бұл байқауда қазақ тілінде де ән айтады. Әзірге біз ұсынған әндердің ешқайсысы ұйымдастырушылардың сүзгісінен өтпей тұр».- деді С.Айтбаева.

null 

Димаш домбыра тартуды күйші Жайлау Асылхановтан үйренді. Ол Ақтөбе музыкалық колледжінде білім ала жүріп, қосымша сабақ алған.

«Музыка колледжінің студенті үшін бір саланы меңгеру аздық етеді. Сондықтан аспапта ойнап, музыка тарихын да білу парыз. Өнерді терең меңгеру, үлкен сахнаға жолдама алған кезде үлкен септігін тигізеді»,- деді С.Айтбаева.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген Қытайда вокалдан сабақ алуды тоқтатқан.

«Димаш вокалдан 2-3 сабақ алып, кейін тоқтатты. Ол «Марат ағама (Марат Әйтімов - Димаштың ұстазы) ешкім жетпейді деп бармай қойған»,- деді С.Айтбаева. 

Соңғы жаңалықтар