Димаш әлемдік турнесін Тәуелсіздік күнінде бастайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдағы «I'm a singer» жобасына қатысып, танымалдыққа ие болған Димаш Құдайберген күні кеше Инстаграмдағы парақшасында шетелдегі концерттік турнесінің басталатынын хабарлаған болатын. Осыған байланысты әншінің алдағы жоспарларын білу масқатында әкесі, «Димаш-Əли» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаевқа хабарласқан едік.

«Өздеріңіз де білесіздер, осы жылдың 27 маусымында, елордада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Димаштың «Бастау» атты ауқымды жеке концерті өткен болатын. Бұл турне соның жалғасы. Ол Қытайдың Чаңша қаласында 16 желтоқсан күні басталып, қаңтар айында жалғасын табады. Билеттер 20 қарашадан бастап ресми түрде сатылымға шығарылады. Концертке Қытайдан бөлек өзге де мемлекеттердегі жанкүйерлердің сұраныстарын байқаудамыз. Қазақстаннан да бірнеше фанаттық топ өкілдері осы концертке баратындықтарын айтып хабарласуда.

Қытай өте үлкен мемлекет. Сондықтан оның бірнеше қаласында концерт өткізу жоспарланып отыр.  Димаштың келесі шығармашылық кештері қай мемлекеттерде өтетіндігін осы турнеден кейін хабарлайтын боламыз. Жалпы өзге де елдерден түсіп жатқан ұсыныстар баршылық. Концерттер тыңдарманның сұранысына сай жоспарланып отырады», - деді ол.

Қанат Құдайбергенұлының айтуынша, Димаштың концерті қай елде өтсе де қазақтың ән өнеріне айрықша орын беріледі. Мұнан бөлек, ағылшын, француз тілдеріндегі әндермен қоса, шығармашылық кеш өтіп жатқан мемлекеттің тіліндегі шығармалар да орындалмақ.

Соңғы жаңалықтар