«Дикий Арман» 24 адамды Ritz Carlton мен Қазақстан қонақүйлерінің паркингтерінде ұстаған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Дикий Арман» 24 адамды «Ritz Carlton» мен «Қазақстан» қонақ үйлерінің паркингтерінде ұстаған. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығы Cерік Шалабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында ол қылмыстық ортадағы тұлғалардың қаңтар оқиғасына белсене қатысқаны белгілі екендігін айтты.

«Қылмыстық ортада кеңінен танымал «Дикий Арман» лақап атты Жұмакелдиев пен оның сыбайластарының рөлі ерекше. Атап айтқанда, 6 қаңтарда оның қылмыстық тобына қатысушылардың бірімен Алматы қаласындағы «Қазақстан» қонақүйіне келген қылмыскерлерге «Glock» және «Макаров» маркалы тапаншалар таратылды. Осы уақытта қаруланған қылмыскерлер ұйымдастырушы мен оның қарамағындағы адамдардан тиісті нұсқаулар алды. Олар серіктестерін 10 адамнан тұратын топтарға бөліп, жоспарланған қылмыстарындағы рөлдерін анықтады. Іштерінен «басшылары» тағайындалып, оларға бронежилеттер, бастарына арналған қорғаныс құралдары, атыс қаруы және 200 мың теңге ақша берілді», - деді ол.

1-қызмет бастығының атап өтуінше, оның қатардағы серіктестеріне суық қаруларымен, дубинка және денеге зиян келтіруге болатын басқа заттармен қарулану тапсырылған. Ерекше белгі ретінде барлық қатысушылардың сырт киімінің жеңіне ақ мата таққан.

«Аталған қарулы қылмыскерлер топтары қаланың әртүрлі нүктелерінен 24 азаматты ұрлап, оларды ұрып-соғып, «Ritz Carlton» және «Қазақстан» қонақүйлерінің паркингтерінде ұстаған. Кейіннен, жәбірленушілер қала шетіне жеткізіліп, қылмыскерлердің қарулы күзеті қойыла отырып, металл контейнерге орналастырылды. Дене жарақатын келтіру нәтижесінде жәбірленушілердің бірі қайтыс болды. Көрсетілген қылмыстарды жасағаны үшін 40 күдікті тұлға қамауға алынды. Қалған қылмыстық топ қатысушыларын анықтау бойынша жұмыстар жалғасуда», - деді Серік Шалабаев.


Соңғы жаңалықтар