Диқандарға дизель отыны нарықтағы бағадан 20 теңгеге дейін арзан беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы егістік жұмыстары үшін диқандарға 380 мың тонна дизель отыны қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу мақсатында Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, «2021 жылғы дала жұмыстарына дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесін» әзірледі. Осы кесте ауқымында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған қажеттілік 380 мың тонна көлемінде бекітілді. Осы жылғы 29 наурыздағы жағдай бойынша аталған кестені іске асыру барысы төмендегідей: ақпан айында жоспарланған 16,6 мың тоннаның 14,8 мың тоннасы, яғни 90 пайызы; наурыз айында жоспарланған 115,7 мың тоннаның 50,3 мың тоннасы, яғни 43 пайызы тиеп-жөнелтілді. Сонымен қатар кесте бойынша сәуір айында 107 мың тонна, мамыр айында 125,4 мың тонна және маусым айында 15 мың тонна тиеп-жөнелту жоспарланған», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, дизель отынын тиеп-жөнелту төлемге сәйкес жүргізіліп жатыр.

«2021 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына арналған дизель отынының бағасы Павлодар мұнай-химия зауыты мен Шымкент мұнай өңдеу зауытында 1 тоннасы үшін 174 мың теңге, ал Атырау мұнай өңдеу зауытында 1 тоннасы үшін 172 мың теңге тұрады», - деді Нұрлан Ноғаев.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы қажеттілігіне арналған дизель отынының құны жанар-жағармай нарығына қатысушылармен келісу бойынша анықталады және оны мұнай өнімдерінің ресурс иелері өз еркімен белгілейді.

«Министрліктің бағалауы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының бағасы автожанармай құю станциясының бөлшек сауда бағасынан литріне 15-20 теңгеге төмен күтілуде», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар