Диқандар тыңайтқышқа жұмсайтын шығынның 50 пайызын мемлекет көтеріп отыр - министр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің мәліметі бойынша, диқандар минералды тыңайтқыштарға жұмсаған шығынның тең жартысын мемлекет өтеп береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тыңайтқыштарға келетін болсақ, облыс әкімдіктерінің деректері бойынша биыл шамамен 670,2 мың тонна тыңайтқыш себу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,7 мың тоннаға артық.

7 маусымдағы жағдай бойынша диқандарға 396,1 мың тонна минералды тыңайтқыш жөнелтілді. Барлығы 478,3 мың тонна минералды тыңайтқышты тиеу шарттары жасалды», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол тұқым шығындарын субсидиялау жолға қойылғанын атап өтті.

«Бұл ретте, минералды тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялауға 38,4 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен қосымша 11,6 млрд теңге бөлінгенін атап өту қажет. Яғни, сатып алынған тыңайтқыштар құнының 50%-ын мемлекет өтейді. Сонымен қатар, Үкімет отандық тыңайтқыштардың құнын төмендету бойынша жұмыс жүргізді», - деді Ербол Қарашөкеев.

Министрліктің болжамы бойынша, биыл астық шығымы былтырғыдан 15 пайыз жоғары болады.


Соңғы жаңалықтар