Диқандар сатып алған тыңайтқыш құнының 50 пайызын мемлекет өтейді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Диқандар сатып алған тыңайтқыш құнының 50 пайызын мемлекет өтейді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда тыңайтқыш жеткізуге келісімшарт 290 мың тонна көлемінде жасалды. Бүкіл өңірлерде минералды тыңайтқыштарды жөнелтіліп жатыр. Аграршыларға шамамен 149 мың тонна, оның ішінде оңтүстік өңірлерге 51,3 мың тонна тыңайтқыш тиелді. Қоймалардағы қор, соның ішінде импорттық тыңайтқыштар қоры қалыптасты», - деді министр орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Осы ретте ол фермерлер тыңайтқыштардың, оның ішінде отандық тыңайтқыштардың қымбаттығы мәселесін көтергенін атап өтті.

«Үкіметпен тиісті жұмыс жүргізілді. Минералдық тыңайтқыштардың ірі өндірушісі ҚазАзот компаниясы өндірілетін аммиак селитрасының құнын тоннасына 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Ол шешім 16 наурыздан бастап күшіне енді. Бүгінгі таңда аграршылармен жаңа баға бойынша келісімшарт жасалып жатыр. Бұл ретте әкімдіктер тарапынан субсидияға 27 млрд теңге қарастырылғанын атап өту қажет. Яғни, сатып алынған тыңайтқыш құнының 50 пайызын мемлекет өтейді», - деді Ербол Қарашөкеев.

Оның айтуынша, пестицидтердің де бағасы өсті. 2020 жылы пестицид бағасы көктемде 70 пайыз, ал күзде 2 есе қымбаттаған.

«2022 жылға арналған пестицидтерді субсидиялау бағдарламасына 29,7 млрд теңге көзделген. Бұл егіс алаңын 100 пайыз өңдеуді қамтамасыз етуге және сол арқылы қолайлы фитосанитариялық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар