Дихан Қамзабекұлы: Ұлттық құрылтайдың миссиясы – ортақ құндылықтарды анықтау
Біріншіден, Ұлттық құрылтай қоғаммен тығыз байланыс орнататын, жұрт қайнауын сезінетін құрылым ретінде қалыптасып келеді. Бейқамнан қамшыл қалыпқа көшудің өзі – ізашар сәт.
Екіншіден, елде қолға алынған конституциялық реформалар қоғамда серпіліс, ояну, құлшыныс тудыра бастады. Саяси үдерістің жаңа сатыға көтерілгені – айқын факт.
Үшіншіден, Ұлттық құрылтайдың негізгі миссиясы – ортақ құндылықтарды анықтау. «Бөлінгенді бөрі жейді», «Төртеу түгел болса - төбедегі келеді, алтау ала болса - ауыздағы кетеді».
Төртіншіден, жаңару – мемлекеттік аппараттың жаңаруынан емес, қоғамның талғам-талабының жаңаруынан басталады. Сөзден іске көшу де, құр даурығудан сындарлы деңгейге көтерілудің де жолы осы аяда.
Бесіншіден, билік пен қоғамның дәнекері ретінде Құрылтай елдің даму үдерісіне серпін бере білуі тиіс. Бұл – білікпен, бірлікпен, ақылмен, парасатпен, батыл тәжірибемен жүзеге асады.
Алтыншыдан, электронды «Quryltai» платформасы жасақталып, халықтың, әсіресе, ойы бар, айтары бар азаматтардың салиқалы пікірлері, әлеуметтің таңдауы, дауысы, ұсынысы адресатқа тез жеткізілмек.
Жетіншіден, телевизияда арнайы бағдарлама ұйымдастырылып, талқылаулар жүргізілмек. Бұл – ашық сұхбат алаңы. Жаңа бастама БАҚ-та салаланбақ. Пікір алуандылығы артып, саяси дискуссия күшейтілмек».
Дихан Қамзабекұлы – филология ғылымдарының докторы, профессор