Дихан Қамзабекұлы: Рәмізтану – отаншылдықтың бірегей саласы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет нышандарын жай ғана насихаттамай, өміріміздің мәніне, тірлігіміздің арқауына, бірлігіміздің өзегіне айналдырсақ қана ұтамыз. Бұл туралы елордада «Мемлекеттіліктің рәміздері» атты халықаралық ғылыми конференцияда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттің рәміздерін қадірлеу – ел азаматтары үшін айрықша парыз. Әрбір адам Отан құндылықтарын жанымен түсініп, оларды жан-жақты тануға және өзгеге таныстыруға жұмылуы тиіс. Оны жете біліп, қадір-қасиетін ұққанда, тарихын, тілін, дәстүрін, өткен жолын, рухын, сайын даласын, асқар тауын, мөлдір суын қайсарлықпен қорғаған ерлерге деген мақтаныш сезімі оянатыны рас. Бүгінгі Қазақстанның рухани-моральдық сауығуы, нығаюы мен дамуы осы елдік һәм мемлекетшілдік серпілумен тікелей байланысты. Біздің ұғымымызда рәмізтану - көзсіз сүйіспеншілік емес, отанға, елге деген ата-баба қанымен бойға сіңген саналы әрі шынайы құштарлық. Рәмізтану ұғымы туған мемлекетке, жаралған топырақ пен өскен ортаға деген ізгі сезімді ғана білдірмейді, ол - елдік бірлікті, халықтық қасиет пен сапаны, азаттық үшін күресті, тарихи жол мен жасампаздықты қастерлеуді аңғартатын кең ұғым. Ол – елдің өткеніне, бүгініне, келешегіне деген берік сенім мен терең жауапкершілікті оятатын рухани іргетастың бір жүйесі», - деді Д. Қамзабекұлы.

Ғалымның пайымынша, қазір Қазақстан жаңаруға бет алған кезеңде рәмізтану еліміздегі аса маңызды әрі өзекті қағидатқа айналып отыр. Өйткені ол – отаншылдықтың бірегей саласы. Қазіргі әлемдік сын-қатерлер тұсында тәуелсіз еліміздің ғаламдағы орны мен қауіпсіздік мәселесі баршамыз үшін отаншылдық өлшемі екенін де есте ұстаған жөн.

«Осы аяда 5 маусымда өтетін Ата заңға енгізілер өзгерістер мен толықтыруларға байланысты референдумды да – елдік бірлік пен дамудың шарты деп қабылдағанымыз дұрыс. Болашақта мемлекетіміздің жауапты орындарына жаңа күшпен, сапалы әлеуетпен келеді деп үміттеніп отырған жастарымыздың отаншылдық міндеті де, парызы да – елдің арман-мүддесін жоғары қою, халқының әл-ауқатын көтеру, жан-жақты дамуын қамтамасыз ету жолында тер төгу, бұрынғы-кейінгі қателіктерден сабақ алу, дана Абай айтқан «бес асыл істен» айнымау. Бұл оңай емес, бірақ қоғам ізденсе, жауапты болса, ретімен жүзеге асатын бел-белес», - деді ҚР ҰҒА академигі.

Оның айтуынша, Қазақстан жастары үшін рәмізтанудың жаңа міндеті – білім мен ақылға байланысты.

«Біз Тәуелсіздіктің қиын да күрделі 30 жылдығын жүріп өттік. Алда бұдан да жауапты асулар тұр. Ендеше мемлекет нышандарын жай ғана насихаттамай, өміріміздің мәніне, тірлігіміздің арқауына, бірлігіміздің өзегіне айналдырсақ қана ұтамыз. Жастар өмірінің мәні – жасампаздық, тірлігінің өлшемі – үзіліссіз іздену, бірлігінің қағидаты – сенім. Осының бәрі білім мен ақылға, намыс пен жауапкершілікке байланысты. Елін ойлаған азамат үшін Отанның азаттығынан, елдің баяндылығынан асқан бақыт жоқ. Тасқа жазылған тарих та, тарихшы ғалымдарымыздың қадау-қадау зерттеулері де бүгінгі қазақ жерінде ата-бабаларымыздың кемі 5 мың жылдан бері тұрып жатқанын, іргелі елдік бірлестіктер мен мемлекеттер құрғанын, Ұлы дала топырағында төрт түліктің арқасында лайықты шаруашылық, халықтың парасатын ұлықтаған терең мәдениет болғанын дәлелдейді. Бодандықтың неше түрлі бұғауын да бұзып, «феномен-феникс» сынды қайта елдік пен мемлекеттілікті қалпына келтіргенбіз. Осының бәрі мемлекеттік рәміздерімізде көрініс тапқан», - деді Дихан Қамзабекұлы.

«Еліміздегі жастарға бағытталған рәмізтанудың екінші міндеті – осы саланың теориясы мен тәжірибесін қатар ұстауға қатысты. Жалпы ғылымға жете және сындарлы (конструктивті) көңіл бөлген ел ғана топтан озып шығады. Ғылымды дерексіз, абстракты деп қабылдамау керек. Ол сіз бен біздің өміріміздің арқауында, жүйесінде өмір сүріп жатыр. Сондықтан елтаңба, ту, әнұранға байланысты тосын, тың, ойлы зерттеулер және соны түсіндіретін білгір мамандар, әсіресе талапты жастар қажет. Ал, мәселенің практикалық мәніне келсек, біз мемлекеттік рәміздерді күнделікті өміріміздің, тіршілігіміздің атрибутына айналдыратындай креативті ұсыныстарды талқылап, жүзеге асыра білуіміз маңызды. Осы күні талантты, ізденгіш жастар аз емес. Солардың идеясына, шығармашылық бастамасына, табиғи білігіне құлақ асқап, мүмкіндігінше қолдағанымыз жөн. Бұл бағытта бүкіл Қазақстан жастарының мақсаты айқын болуы керек. Ол – ұлы мақсатпен, халық арманымен мемлекеттілік арқауын қайта жалғаған еліміздің мемлекеттік рәміздерін үйлесім мен сенімнің тетігіне, даму нышанына айналдыру. Ел жастарының талабы, ойы, ар-ұжданы, білімі осы оймен тұтасса, отаншылдық қатысты көп мәселе өзінен өзі-ақ шешілетіні сөзсіз», - деді ғалым.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған халықаралық конференцияда Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің құттықтау хатында ғалымдар тарапынан мемлекеттік рәміздерді тиімді насихаттауға және патриоттық тәрбиенің тың тәсілдерін жетілдіруге қатысты іргелі зерттеулер ұсынылуы керек екені айтылған.


Ашық көздерден алынған фото

Соңғы жаңалықтар