Дихан Қамзабекұлы «қаңтар қасіреті» туралы: Халық соңғы мәліметтен көкейдегі біраз сауалына жауап алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы күндері мемлекет жауапкершілігі мен қоғам береке-бірлігі бұрынғыдан да үйлесе түсуі - елдің айнымас мүддесі болуға тиіс деп білеміз. Бұл туралы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел тарихына «қаңтар қасіреті» болып енетін оқиғадан бәріміз есеңгіреп отырмыз. Бүлінген қаланы, аңыраған даланы, жазықсыз жер жастанған әскерилерді, жастарды, тіпті бейкүнә балақандарды - алыстан емес, өз жерімізден көрдік. Мұны түсімізде көрсек те шошыр едік. Бүгін Бас прокуратура мен Денсаулық сақтау министрлігі адам шығыны туралы ресми мәлімдеді. Рас, қай ел үшін де ең бағалы құндылық - адам өмірі. Марқұмдардың ағайындары мен жақын туыстарына көңіл айтамыз. Халық соңғы мәліметтен көкейдегі біраз сауалына жауап алғандай. Оқ тиіп мерт болғандармен қатар жараланғандар саны да анықталды. Жұртты алаңдатқан - ұсталғандарға қысым көрсету, адам құқығын бұзу фактілері жан-жақты тексерілетін болды», - деп жазды Дихан Қамзабекұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ғалымның пайымынша, ел билігінің «осы мәселені мұқият қарауда ашық, жария бағыт ұстанамыз» деген сөзі қоғамды сабырға шақырғандай.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қасіреттен кейінгі оңалту шараларын өзі жеке бақылауда ұстайтынын мәлімдеді. Иә, осы күндері мемлекет жауапкершілігі мен қоғам береке-бірлігі бұрынғыдан да үйлесе түсуі - елдің айнымас мүддесі болуға тиіс деп білеміз», - деді ҚР ҰҒА академигі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бас прокуратура тәртіпсіздіктер мен террористік шабуылдан қаза болғандардың жалпы санын атады.

«Адам шығыны болған оқиғаларды тергеп, тексеруге ерекше назар аударылуда. Бүгінгі күні 4578 жәбірленуші анықталды. Оның 4353-і жараланды. Оның ішінде 3393 құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Төтенше жағдай кезінде моргтерге қазақ тапқан 225 адам жеткізілді. Олардың бір бөлігі террактілерге қатысқан, ғимараттар мен құқық қорғау қызметкелеріне шабуыл жасаған қарулы бандиттер. Қаза болғандардың ішінде 19 полиция және әскер қызметкерлері де бар. Аталған деректер алдын ала сипатта. Олар әлі нақтыланып жатыр, өзгеруі де мүмкін. Дегенмен, әрбір факт мұқият тексеріледі, нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі», - деді ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев.

Сонымен қатар Бас прокуратура оқиғаның толық хронологиясын жариялады.


Соңғы жаңалықтар