«Digital agent» қосымшасы арқылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалауға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жыл сайын Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агенттік жұмысының маңызды басымдығы – халыққа сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы көрсетілетін қызметті алушыларға жаппай сауалнама жүргізу әдістерімен, фокус-топтарды, құпия сатып алушыны, жан-жақты сұхбат өткізу әдістерімен зерттеледі», - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мониторингімен толық қамту, көрсетілетін қызметтердің сапасы туралы объективті және толық көріністі алу мақсатында тізілім қызметтерінің және респонденттер саны жыл сайын ұлғаюда.

«2019 жылы 65 әлеуметтік маңызы бар және проблемалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша қоғамдық мониторингіні «Зор Рух» қайырымдылық қоры жүргізетін болады. Оның барысында ауылдық деңгейге дейін 10 500 қызмет алушы қамтылады. Қазіргі уақытта агенттік бұзушылықтарды «постфактум» мониторингінен азаматтардың проблемаларын барынша жедел шешуге көшті», - дейді Анар Жайылғанова.

Азаматтар «Digital agent» қосымшасы арқылы ХҚКО, салық, жұмыспен қамту орталықтарындағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалауға және нақты уақыт режімінде агенттікті хабардар етуге мүмкіндік алды.

«Бүгінгі күні қосымшаға ХҚКО, Арнайы ХҚКО, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қаржы министрлігі аудандық деңгейге дейін қосылды. Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктерін, Ақтөбе, Қарағанды облыстары, сондай-ақ Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерін қосымшаға толыққанды қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар