Дидар Смағұлов ҰБТ кезінде үзілістер қалай берілетінін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов ҰБТ кезіндегі үзілістерге түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, тест тапсырмаларының саны өзгермеді, 5 пән қалды. Екі бейінді және үш міндетті пән қамтылады. Тест тапсырмалараның саны – 120, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы– 20 және екі бейіндік пәннен 35 тапсырмадан беріледі», - деп тоқталды Д. Смағұлов Орталық коммуникациялар қызметінде.

ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады.

Оның айтуынша, тестілеуді өткізу уақыты - 240 минут (4 сағат).

«Атап айтқанда, тестілеу кезінде бір сағаттан кейін талапкерлерге екі минут үзіліс, 120 минуттан кейін 15 минут үзіліс беріледі. Бұл үзілістер компьютерге қатысты ерекшеліктерді ескере отырып, санитарлық нормаларға сәйкес балаларға арнайы беріліп отыр. Бұл қадамдар талапкерлердің денсаулығы үшін жасалып отыр», - деді ұлттық тестілеу орталығының директоры.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу электронды форматта өтеді.

Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыруға болады.

Таратылған мәліметке қарағанда, тестілеуге 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады.

Тестілеу нәтижелері ҰБТ аяқталғаннан кейін бірден қолжетімді болады.

Әрбір талапкер жеке компьютерде отырып, ҰБТ тапсырмаларын орындайды.


Соңғы жаңалықтар